«Аралтұз» АҚ жұмысшыларының жалақысын көтеретін болды. Бұл туралы kyzylorda-news.kz хабарлады.
Осыдан біршама уақыт бұрын «Аралтұз» АҚ жұмысшылары айлық жалақыларын өсіру мәселесін көтерген болатын. Бүгінгі күні кәсіпорында 759 адам жұмыс істейді, орташа жалақы көлемі 42,5 мың теңгені құрайды.
Жалақы мәселесін шешу мақсатында бүгінгі күні ұжым мүшелерінен жұмысшы тобы құрылды. Облыс әкімдігінің орын алған проблеманы көтеруіне орай аймаққа компанияның акционерлері келді. Екі жақты келіссөздер негізінде 1 тамыздан бастап жұмысшылардың айлық жалақыларын 10 пайызға көтеруге шешім қабылдады. Алдағы уақытта да еңбекақы кезең-кезеңімен өсетін болып келісілді. Сонымен қатар әлеуметтік мәселелер де шешіліп, кәсіпорында жұмыс істейтін толық емес отбасы балаларының оқуына көмек беру, бір реттік мерейтойларға сыйақы тағайындау секілді шараларды да компания келісім негізінде шешетін болды.