Құсбегілік - сонау ықылым заманнан бері халқымызбен бірге жасасып, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан төл өнеріміз. Міне, сондай бекзат өнерге бет бұрған әулеттің бірі Келінтөбе ауылында тұрады. Әлиев Ерболат есімді ағамыздың шаңырағы Олжа аталарынан бүгінге күнге дейін құс баптауды мирас етіп жалғастырып келе жатыр.
Отағасының бұл көне дәстүрді қолға алғанынан жиырма жылдан асыпты, алайда ол кісі басқа ауданда жүргендіктен ұлы Еркебұланмен тілдесудің сәті түсті. «Атадан бала туса игі, ата жолын қуса игі» демекші, Еркебұлан бауырымыз да нағыз саятшылыққа жаны құмар ер екен.
– Бұл құсбегілік - нағыз халқының қанына сіңген көне дәстүр. Қазір үйде қаршыға баптап жатырмыз. Бала күнімнен осы ұлттық құндылығымызды айқындайтын құсбегілікке құмар болдым. Әкеміздің құсбегілікті қолға алғанына жиырма жылдан асты. Кешегі күнге дейін бүркітті қолға үйреткенбіз. Кейіннен қаршығаға көшті. Реті келгенде сырдың жағасына шығып қырғауыл, қоянға жемтік үшін шығамыз. Біздің ауланы аң-құс мекені десеңіз де болады. Өйткені, біз тауыс та, қоян да асырадық. Негізгі айналысатын кәсіп көзіміз - егін шаруашылығы. Жиырма гектар аумаққа жоңышқа ектік, - деді Еркебұлан.
Қазақ жеті қазынаның біріне құмай тазыны енгізеді. Ол осы туралы да өз ойымен бөлісті.
–Тазы - орташа ғана бойы бар жүйрік ит, жүні тықыр, есесіне құйрығы мен салпаң құлағының ұшын ұзын шашақты жүн басқан. Тазылар күшті болмайды, бірақ денелері сидам, арық жүйрік әрі өжет келеді. Бүгінде үйімізде сегіз қазақы құмай тазымыз және екі сібірлік төбетіміз бар. Иә, расымен де жеті қазынаға осы тазыны кіргізген. «Ат жақсысы-бозы, ит жақсысы-тазы» деген бабам қазақ, ер жігіттің үш жолдасының бірі дейді; жүйрік ат, құмай тазы, қыран бүркіт. Тазының ең жүйрік, ең алғыр, ұшқырын құмай дейді. Бұл асыл тұқымдары бүгіндері сиреп бара жатыр десек қателеспейміз. Тазымыз тумай жатып, тамыр-таныс, ағайын-туыстар хабарласып жиендік қылып иеленіп жатады. – деп сөзін түйіндеді Е.Әлиев.
Айта кету керек, бұл әулеттің отағасы тазылары мен қаршығаларымен бірге «Алматы» баспасында басылған саятшылық туралы үлкен энциклопедиялық жинаққа енген. Одан бөлек жақында ғана Алматы қаласынан арнайы «Ұлы дала бояулары» деген экспедиция өкілдері суретке түсіріп, жинаққа енгзігелі жатқандығын хабардар етті.
Өкінішке орай, біз барған уақытта құмай тазылары мен төбеттері малшылап кеткендіктен көру мүмкіндігі болмады. Бірақ қаршығасын суретке түсіріп алдық.
«Көкте Қыран бүркіт шарықтаса, жерде Қазанаттар жүйіткиді» дегендей, жылқының жалынынан тартып мініп, түйенің шұбатын сіміріп жүрген келінтөбелік Әлиевтер әулеті бекзат өнерді өз ұрпағына аманаттап үйретіп, құсбігілікте қолданған құрал-жабдықтарын мұрагерлікке қалдыруды өздеріне міндет санайды, деп жазады Жаңакорған ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі.