Иран украиналық ұшақты абайсызда атып түсірген

Тегеран маңында апатқа ұшыраған украиналық лайнер абайсызда атып түсірілген, деп хабарлайды «Хабар 24». 
Иран қарулы күштерінің бас штабы осындай мәлімдеме жасады. Ресми мәлімдемеге сай, лайнер Ислам революциясы сақшылары корпусының әскери нысанына жақын ұшып бара жатқандықтан, ұшақты атып түсірген.
Өз кезегінде, Иран сыртқы істер министрі Джавад Зариф өзінің Твиттердегі парақшасына әуе апатына адами қателік себеп болды деп жазды. Осыған байланысты ол апаттан қаза болғандардың отбасыларына көңіл айтып, кешірім сұрады.
Еске сала кетейік, Тегераннан Киевке бағыт алған Boeing 737-800 ұшағы таңғы уақытта Имам Хомейни атындағы әуежай маңында құлаған еді. Салдарынан 176 адам көз жұмған болатын.

ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 11 қаңтар 2020 г. 627 0