Биыл Қызылорда облысында 30 мектеп пайдаланылуға беріледі. Соның екеуі Жаңақорған мен Шиелі аудандарында салтанатты түрде ашылды. Оған облыс әкімі Қырымбек Көшербаев, басқарма басшылары, аудан тұрғындары қатысты. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Мемлекет басшысының қолдауымен Шиелі ауданы Бестам елді мекенінде 300 орындық жаңа мектеп ел игілігіне берілді. Бұрынғы мектептің ғимараты ескі, жағдайы нашар болғанды. Бүгін пайдалануға берілген жаңа мектеп ғимараты мұғалімдер қауымы үшін, оқушылар мен ата-аналар үшін үлкен қуаныш болды. Өйткені мұнда оқушының білім алу үшін қажетті жабдықтармен толық қамтылған. Енді №205 мектеп оқушылары жаңа оқу жылында жаңа зәулем мектепте білім алатын болады.
- «Мәңгілік еліміздің» мақсат-мұраты жолында сауатты да саналы азамат тәрбиелеуге үлес қоса берейік, - деді облыс әкімі Қ.Көшербаев.
Білім ордасының лентасы салтанатты түрде қиылып, ақсақалдар ақ батасын берді. Қазіргі таңда 70 мұғалім дәріс беріп, 378 оқушы білім алуда. Мектепте 20 оқу кабинеттері, 2 компьютер кабинеті, 2 шеберхана, 1 мәжіліс залы, 1медпункт, 1 спорт залы жұмыс жасайды. Асхана 114 орындық, мұнда 104 оқушы тегін тамақпен қамтамасыз етіледі.
Мұнан соң өңір басшысы кент орталығынан жаңадан ашылған "Мөлдір" дәріханасының жұмыс барысымен танысты. Итальяндық технологиямен және АРТ-модельді жиһаздармен жабдықталған дәріхананың 1-ші қабатында фармамаркет робот қондырғысымен қызмет көрсетіледі. 2-қабатында «Денсаулық және сұлулық» орталығы жұмыс жасайды. Онда терапевт, балалар дәрігері, УЗИ қызметі, инемен егу, нүктелі Тибет массажы және косметология бар.
Облыс әкімі Қ.Көшербаев Гигант ауылдық округіндегі "Бидайкөл" шаруа қожалығының жұмыс барысымен көріп, Көкшоқы елді мекеніндегі «MKS COMPANY» ЖШС-нің жұмысымен танысты.
Тағы бір білім ордасы Жаңақорған ауданы Сүттіқұдық елді мекенінде ашылды. Жалпы бұл ауданда биыл 4 мектеп пайдаланылуға беріледі. Ал үшеуі күрделі жөндеуден өтуде. Зәулім ғимаратта оқушылардың білім алуына бар жағдай жасалған.
– Білім саласы басты назарда. Білімге құйылған қаржы - болашаққа салынған инвестиция. Облыста 25 апатты жағдайдағы білім ордасы бар. Соның 14-ін биыл жаңадан салып жатырмыз. Қалғаны келер жылы аяқталады. Балабақшамен қамту көрсеткіші 90 пайыз. Келер жылдың соңына дейін бұл мәселеде түпкілікті шешімін табады, - деді аймақ басшысы.
Мұнан соң «Қазатомпром» ҰҚ демеушілігімен салынған 50 орындық «Жалын» балабақшасы және «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасы аясында күрделі жөндеуден өткен кітапхана жұмысымен танысты. Жаңақорған шипажайында болып, ем қабылдаушылардың жағдайын білді.