Қызылорда қаласының екі тұрғыны қылмыс жасалғаны жөнінде өтірік айтқаны үшін 6 ай мерзімге бас бостандығын шектеу жазасына кесілді, деп хабарлайды
ҚазАқпарат тілшісі. Аталмыш оқиға өткен жылдың ақпан айында орын алған. Қаланың екі тұрғыны «әкімдік өкілдері мен құқық қорғау органдарының қызметкерлері өздеріне күш көрсетіп, заңсыз бостандығымыздан айырды» деген желеумен Қызылорда қалалық полиция басқармасына арызданған.
«Қылмыс жасалғаны туралы көрiнеу жалған сөз жеткiзгені үшін оларға қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 419-бабы 2-бөлігімен сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп, айыптау актісімен сотқа жолданды. Қызылорда қаласы №2 сотының үкімі негізінде айыпталушылардың әрқайсысына 6 ай мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды. Олар пробациялық бақылауға алынды», - деп мәлім етті Қызылорда облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.