Қарғын судан зардап шеккендерге өтемақы берілді

Қарғын судан зардап шеккендерге өтемақы берілдіЕстеріңізде болса ағымдағы жылдың  22 ақпанында Қаратау бөктерінен аққан қарғын су аудан орталығының шығыс жақ беткейіндегі тұрғын үйлерге қауіп төндірген еді. Үйлеріне су кіріп, үй іргелері мен қора-қопсылары, құдықтары, жертөлелері суға толғаны көпшілік есінде. Міне, күні кеше қарғын судан зардап шегуші тұрғын үй иелерінің жеке есепшотына мемлекет тарапынан тиісті өтемақылары аударылды. 
Жаңақорған, Кейден, Жайылма, Шалқия, Ақүйік ауылдарын қосқанда 94 тұрғынға 30 886 255 мың теңге қаржы үлестірілген. Белгіленген уақытқа дейін қажетті құжаттарын жинақтай алмаған 8 тұрғын өтемақыдан қағылған.
–Аудан орталығындағы Саяжай аумағындағы құдықтарыма су толып, біраз зарарын тигізген еді. Қарғын судан кейін арнайы сарапшылар келіп, бағамдап кеткен болатын. Жақында қуанышты хабар жетті. Жеке есепшотымызға 160 мың теңге көлемінде өтемақы келіп түсті. Аудан басшылары мен осы салада жүрген ел ағаларына рахмет осындай сын сағаттарында қолдау көрсетіп отырғандығына. Мемлекетіміздің қамқорлығына мың алғыс, – дейді, кент тұрғыны М.Нұртазаев. 
Аудан әкімі аппаратының төтенше жағдайлар жөніндегі бас инспекторы Ш.Әшімов жаңадан қоныстанушы тұрғындарға үйдің құжаттарын дайындағанда тиянақты болса екен деген өтінішін жеткізді. Себебі, бізде қалыптасқан жағдайға сай көбіне үйді салып қоныс тойын тойлап болғаннан кейін, біршама уақыт өткізіп үй құжаттарын түгендей бастайды екен. Яғни, өтемақыдан қағылуға да басты себеп осы, дейді бас инспектор Ш.Әшімов.
ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 05 тамыз 2014 г. 718 0