500-ден аса іс-шара өткізіледі

 Бүгін ұлы ақын Абай Құнанбаевтың 175 жылдығына орай Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласы жарияланды. Ұлы ақынды қалай дәріптесек те жарасады. Оның ғибратты ғұмыры мен шығармашылығы бізге ғана емес әлемге үлгі.Қазақ халқы қашанда Абай есімін ұлықтап келеді. Оның әрбір туындысын, қара сөзін жатқа біледі.
Адам мен қоғам, білім мен ғылым, мемлекет пен билік, тіл мен қарым-қатынас туралы айтқан ойлары ғасырлар бойы маңызын жойған емес. Бұл құндылықтардың қазақ елі тұрғанда мәңгі жасай беретіні де сөзсіз. Себебі, ақын мұрасы – бүкіл адамзат баласының асыл қазынасы, рухани азығы. Мемлекет басшысы өз мақаласында ұлы ақынның 175 жылдық мерейтойын кең көлемде тойлауды тапсырды. Әрине, бүгінгі жас, келер ұрпақ тағылым алатындай етіп өткізу мәдениет саласының мамандарына үлкен жауапкершілік жүктейді. Өйткені, ақынның мерейтойынан өнер ұжымы да тыс қалмайды. Биыл республикалық және халықаралық деңгейде театр және музыка фестивальдері өтеді. Сондай-ақ, биылғы түрлі бәйгелер Абай шығармашылығына арналмақ. Оның ішінде ерекше атап айтарлығы әдебиет және өнер саласындағы үздік шығармаларға берілетін мемлекеттік сыйлыққа енді Абайдың аты берілетіндігі.Биыл ұлы ақынның 175 жылдығына орай халықаралық республикалық және аймақтық деңгейде 500-ден аса іс-шара ұйымдастырылады деп жоспарлануда. Бұл тұрғыда Сыр өнерпаздары өз үлесімізді қосамыз деген үміттеміз.Аталған мерейтой аясында Сыр өңірінде де ауқымды мәдение шаралар ұйымдастырылмақ. Атап айтқанда, жыл көлемінде Абай ақынның 175 жылдығына арналған республикалық ақындар айтысы, «Көзімнің қарасы» атты облыстық вокалистер байқауы өткізіледі. Сонымен қатар, Н.Бекежанов атындағы облыстық драма театрында Е.Төлеубайдың «Абай» спектаклі, аймақта алғаш рет А.Жұбанов, Л.Хамиди «Абай» операсынан үзінді қойылады.


Талғат МАКАШОВ,
қалалық мәслихат депутаты,облыстық филармония басшысы.
ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 09 қаңтар 2020 г. 580 0