Студенттер осы айдан бастап ұлғайтылған көлемде стипендия алады. Өткен жылы Мемлекет басшысы үкіметке бакалавриат, магистратура, докторантура мен колледжде оқитындардың шәкіртақысын 25 процентке өсіруді тапсырған болатын. Сонымен кім қанша алады? Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының Президенті: «2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап бакалавриат, магистратура мен докторантурада оқитын студенттердің стипендиясын 25 процентке өсіру жөнінде шешім қабылдадым. Бұл жалпы 130 мыңға жуық адамды қамтиды».
Мұндай ақжолтай ақпаратты Президент Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр жастар жылын қорытындылаған салтанатты жиында айтып еді. Содан талай жан жадырады. Соның бірі Әлия Үмбетәлиева. Елордадағы жоғары оқу орнында білім алып жүрген Әлия үшін 26 мың теңге әжептәуір көмек болмақ.
Әлия Үмбетәлиева, студент:
- Жалпы біздің шәкіртақының көлемі 20 мың теңгедей болады. Негізінен бұл ақша бізге Нұр-Сұлтан қаласында оқитын студенттерге аз болатын. Осы жылы биылдан яғни біздің Президентіміз Тоқаев Қасым-Жомарт мырза шәкіртақыны 25 пайызға көтереміз деп айтты. Бұл жаңалық әрине қуантты бізді, барлық студенттерді. Шынымен де 25 пайыздың өзі біздерге кәдімгідей өмір сүруге ақша көбейді десек те болады.
Бұл Гүлжан Атабева. Стипендиясы көтерілген оның көңілі де көтеріңкі. «Президенттің бұл шешімі білім алып жүргендер үшін мотивация» дейді ол.
Гүлжан Атабаева, студент:
- Қазіргі таңда азық-түлік, сонымен қатар пәтер жалдау құны өте жоғары. Сонымен қатар біздің басқа да шығындарымыз өте көп. Сол себепті 25 пайызға көбейгені біз үшін өте жақсы жаңалық болды.
Сонымен кім қанша алады?
Бакалавр дәрежесінде білім алушылардың шәкіртақысы осы айдан бастап 20 949-теңгеден 26 186 теңгеге өсті. Магистранттардікі 53 530-дан 66 913 теңгеге жетті. Ал докторантура шәкіртақысы 81 998-ден 102 498 теңгеге көтерілді. ЖОО-да оқитындардың ғана емес, техникалық және кәсіптік білім беретін оқу орындарындағы жастардың, яғни колледж студенттерінің шәкіртақысы да 25 процентке еселенді. Ернат Жүнісов ҚР БҒМ Техникалық және кәсіптік білім беру департаменті директорының орынбасары:
- 1 қаңтардан бастап біздің колледж студенттері, дәл мынау орта буын мамандықтарымен оқитындар 20 948 теңге стипендия алатын болады. Ал стипендияның төлейтін уақыты ол айдың аяғы. Әр айдың аяғында стипендия төленеді. Яғни қаңтар айының аяғына қарай біздің студенттер қосымша стипендия алуға мүмкіндік бар. Жалпы алатын студенттердің саны қазір орта буын мамандықтары бойынша 114 мың студент алады.
Атап өтейік, жұмысшы мамандығы бойынша білім алып жүрген 122 мың жастың шәкіртақысы былтырғы қыркүйек айынан бастап 30 процентке өскен еді. Мемлекет басшысының тапсырмасымен стипендиясы тағы да 25 процентке ұлғайды. 2016 жылдан бері студенттер көрмеген мұндайды.
Авторлары: Қорған Төреқожа, Арман Ақшабаев, Нұрғали Мамырбаев
https://24.kz