«Илья Ильинді бүгінгі биікке жеткізу үшін 6 жасынан бастап күн сайын залға әкеліп, күні-түні жаттықтыруға тура келді», – дейді ел ауыр атлетикасындағы ең елеулі тұлғалардың бірі, Илья Ильин сынды спортшыларды тәрбиелеген Вилорий Викторович Пак «Аламан» сайтына берген сұхбатында.
Рио-де-Жанейро Олимпиадасына шәкірт тәрбиелеп жатқан қария бапкер балаларды спортқа 6 жасынан бастап баулитынын жеткізді.
«Біреулер: «Зілтемірді титтей балаларға көтертіп қойғаны несі?!» деп, балаларға аянышпен қарайтын. Ал негізінде мен оларға жалпы дене жаттығуын ғана үйреттім: жүзу, жүгіру, гимнастика және тағы басқалары. Тек 10 жасқа толған соң ғана, зілтемірді пайдалануға рұқсат бердім. Менде олардың барлығынан Олимпиада немесе әлем чемпиондарын шығарамын деген мақсат болған жоқ. Менің түсінігімде спорт дегеніміз ең бірінші кезекте денсаулық пен мінез. Жеңіске деген жігер және өзін-өзі тану. Спорт — бұл есірткіге, алкоголь өнімдеріне салынуға жол бермейтін, қылмыстың алдын алатын үлкен құрал. Менің көздегенім де осы еді», – дейді көпті көрген бапкер.
Вилорий Пактың айтуынша, екі дүркін олимпиада чемпионы Илья Ильинді де 6 жасынан бастап тәрбиелеген. «Бүгінгі биікке жеткізу үшін Ильинді 6 жасынан бастап күн сайын залға әкеліп, күні-түні жаттықтыруға тура келді. Соңынан жүгіріп жүріп (күлді)», – деген ол, Илья Ильиннің Олимпиадада атой салғанын – спорттағы ең тәтті жеңісі деп есептейтінін айтты.
«Сонымен қатар, менің бапкер ретіндегі ең басты жеңісім деп көптеген балаларға өмірден өз орнын табуға көмектескенімді айтар едім. Олардың барлығы да әлем чемпионы немесе даңқты спортшылар болмай-ақ қойсын. Бастысы, мен оларды жаман әдеттен, көше өмірінен құтқарып қалдым», – деп түйіндеді өз ойын тәжірибелі бапкер.
Естеріңізге сала кетейік, Вилорий Викторович Пак 1951 жылдың 26 мамыры күні Қызылорда облысы, Сырдария ауданы, Шаған ауылында дүниеге келген. Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы, «Парасат» және «Құрмет» ордендерінің иегері. Қазақстан ұлттық құрамасының аға бапкері. Бапкерлік ғұмырында бір еңбек сіңірген спорт шеберін, 12 халықаралық дәрежедегі спорт шеберін және 60-тан аса спорт шеберін дайындаған.