Сайлаушылар сеніміне сергек болу парыз

ліміздегі мәслихат депутаттары қоғамның дамуына үн қосып, аймақтардағы тың мәселелердің шешілуіне тікелей атсалысып келеді. Олар өз өкілеттіліктеріне, білімі мен кәсіби дағдыларына сәйкес қоғамды одан әрі демократияландыруға, халық пен билік арасындағы байланысты нығайтуға, түрлі реформалар мен бағдарламалардың жемісті жүзеге асуына жұмыс жасауда. Олардың қатарында Райхан Ысқақова да бар. Оның әр күні, әр минуты есептеулі: жиналыстар, мәслихат сессиялары, тұрғындармен кездесулер, комиссия отырыстары. Осыған қарамастан барлығына үлгіруге тырысады. Ал облыстық мәслихат депутатының сайлаушылар алдындағы жауапкершілігі тіпті жоғары. Ол – № 26 «Бекежанов» сайлау округі бойынша сайланған.

– Соңғы жылдары мемлекет индустриалды аймақтарды дамытуға ерекше көңіл бөліп отыр. Бұл аймақтардың эконо­микалық өсуіне, жаңа жұмыс орындарының ашылуына, тұр­ғын үй құрылысының дамуы­на, халықтың әлеуметтік жағдайы­ның жақсаруына ықпал етеді. Мұндағы мақсат – адамдарға түрлі қызметтер саласында нақты пайда әкелетін инвестициялар тарту, агроөнеркәсіп ке­шенінің кірісін арттыру, шағын және орта бизнестің дамуын қам­тамасыз ететін жобаларды әзірлеу және іске асыру. Осы тұрғыда өзім сайланған Шиелі ауданында халықтың әл-ауқатын көтеруге жұмыс жа­сап келемін, – дейді Райхан Құсайынқызы.

Алматы халық шаруашылық институтын бітірген ол еңбек жолын облыстық қаржы басқар­масында бюджеттік бөлімнің аға ревизор-инспекторы, онан жоғарылап, басқарма басты­ғының орынбасарлығына дейін көтерілді. 2005 жылдан бастап облыстың экономика және бюд­жеттік жоспарлау бас­қармасы басшысының орынбасары қыз­метін атқарды. Бюджетті жос­парлау, мақсатты пайдалану, сондай-ақ, республикалық бюд­жеттен трансферттер қалып­тастыру бойынша жұмыс­тар жүргізді. Бірнеше рет бюд­жеттік заң жобаларын қалып­тастыру жөніндегі жұмыс тобының мүшесі болды. Осындай ауқымды жұмыстардың ба­сы-қасында жүргендіктен болар, Р.Ысқақова облыстық мәслихаттың экономика, қаржы және жергілікті өзін-өзі басқару мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының төрағасы болып сайланды. Сонымен бірге «Nur Otan» партиясының мүше­сі болып, онда мемлекеттік қыз­меттер жөніндегі комиссияны басқарды.

Қазіргі таңда ақпараттық-на­сихаттық топтардың құрамын­да жүріп, негізгі бағдарла­ма­лық құ­жаттарды түсінді­руде ха­лық­пен кездесулерге белсенді қа­тысып келеді. Халық қалау­лысы аудандарға жиі барып, тұрғындардың ұсыныстары мен тілектерін тыңдауды, олар­ға көмек беруді әдетке айнал­дыр­ған. Алдына келген әрбір аза­маттың өтінішін орындауға, түйткілді мәселенің шешімін табуда күш-жігерін аянып қалған емес.

Азаматтарға қабылдау өткіз­генде тұрғындар тарапынан жолдарды жөндеу, сумен жабдықтау, газдандыру, санитария, сауда ережелері, абаттандыру және көгалдандыру, жұмыспен қам­ту, әлеуметтік қорғау және тағы басқа мәселелер жиі көте­рілетін көрінеді. Жұмыс орнында да  кезектен тыс азамат­тарды қабылдап, олардың өтініш­тері­нің мүмкіндігінше орындалуына дәнекер болып отыр.

– Халыққа жақын болу, олар­дың қажеттіліктерін сезі­ну және келелі мәселелерді жергілікті атқарушы органдар өкілдеріне жеткізу – депутаттың басты ұстанымы. Менің түсінігімде депутат саналы, әділ, адал, жауапты болуы керек. Негізгі жұмыс пен депутаттық міндет­терді үйлестіру үшін көп күш-жігер қажет. Депутат болу – абырой ғана емес, бұл сайлаушылар алдындағы үлкен жауапкершілік, – дейді ол.

Айта кетейік, Р.Ысқақова көп жылдық адал еңбегінің ар­қасында құрметке де ие болып келеді. ҚР Қаржы министрлігінің «Қаржы саласының үздігі», ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің «Үздік мемлекеттік қызметші» төс­белгісімен, «Ерен еңбегі үшін» мемлекеттік медалімен және ҚР Премьер-министрі, Парламент Сенаты төрағасының алғыс хаттарымен марапатталған.

ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 28 желтоксан 2019 г. 283 0