« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
960 жылдардың ортасы. Біздің мына өмірдің барлық тынысына алаң, алабұртқан жасөспірім шағымыз. Бір күні сүйікті газетіміз «Лениншіл жастың» тұтас бір бетін толтырып «Зулайды күндер» атты жырлар топтамасы жарық көрді. Ақ жарық жырлар. Авторы – талантты жас ақын Тұманбай Молдағалиев. Жүрек шегін шерткен шынайы шындығына, затымен бірге «Зулайды күндер» деген атына да «Ақын қайда асығады?» деп таңғалып едім. Алайда артынша мына өмірді лайықты сүруге асығу керек екенін ұғып, таңғалдым. Өйткені өмір – адамға аманат, уақытша берілген ақ жарық екен...
Осы бір жағдай бүгін менің есіме неге түсіп отыр? Ол – Тұманбай ақынның өмірдің өткінші, мәңгілік емес екендігін алғаш аңғартқандығынан ғана емес. Сол уақыттан бері осы жарық жалғанның ақ күнмен бірге тас қараңғы түннен де тұратынын сезініп, қызық қана емес, қиын, жақсылық пен жамандық күрескен, «махаббат пен ғадауат» тірескен (Абай) күрделі де күрмеулі ғұмыр сапары екенін аңғара бастадым.
Тұманбайдың өлеңі мен ойларының бұлайша еске түсіп, менің мақалама ақ жарық құйып, нақ бүгінгі күні табанымызбен нық басып тұрған өмір белесімізді жаңғыртуында және бір мән бар. Ол – менің жақсы інілерімнің бірі Мұхитжан Кәрімбаевтың алпыс деген асудан абыройлы асып, жаңа бір өмір кезеңіне шығып отыруына тікелей қатысты.
Әркімнің туған жері – өзіне Мысыр шаһары десек те, әділеттілікке жүгінсек, жердің де жері, елдің де елі бар. Мұхитжан 1959 жылдың ақпанының 9-ы күні Шиелі кентінде дүниеге келіпті. Кезінде республикаға атағы жайылған азамат болған, Құдай шипагер-емші етіп жаратқан, Шиелі ауданы ауруханасының бас дәрігері Смайыл Кәрімбаевтың ұлы. Не жасыратыны бар, ол – ортамызда жүргенде аты мәшһүр ғана емес, заты, әрбір іс-әрекеті, емі, мінез-қылығы, қам-қарекеті аңызға айналған кісі болатын. Өмірден өткеніне бірнеше он жыл толса да, әлі ұмытылмағаны өз алдына, әлі де адам денсаулығының сақшылары үшін ғана емес, бұқара мен билік қаймағы – зиялылар үшін де үлгі-өнеге болып келеді. Адам ретінде де. Азамат ретінде де.
Мұхитжан Шиелі кентіндегі № 45 орта мектепте оқып, оны 1975 жылы үздік бітірді. Бала шағынан білімге құмартып, әсіресе тарих пен әдебиетті сүйіп өссе де, жан-жақты болуды және қазақтың есесі әлі де кем өмір саласын өркендетуге атсалысуды мұрат етті. Алматыдағы энергетика институтына құжат тапсырып, емтихандардан сүрінбей, студент атанды. Бойында күш-жігері тасыған жас жігіт табандылық танытып, тер төгуі нәтижесінде жоғары оқу орнын 1980 жылы инженер-электрик мамандығы бойынша тәмамдады.
Осыдан кейін оның үлкен өмірге қадамы, үлгілі өмірбаяны басталды. Иә, үлкен өмір, үлгілі өмірбаяны. Бұл – әсте де әсіре айтылған қызыл сөздер емес. Бұл ретте оның өмірдегі ерен еңбекпен терген, еліне берген жемістерін, қоғамдық тіршіліктегі жеңістерін өзіміз баяндап жатпай-ақ, тасқа басылған беделді анықтамалық еңбек «Бірінші – BIRINSHI» деп аталатын жалпыұлттық рейтингтік энциклопедиядағы аз да саз, сараң, бірақ мағыналы деректерге кезек берелікші:
«Қызу еңбекті жаны сүйетін жас маманның алғашқы жұмыс орны – №6 жылу электр орталығы. Кейіпкеріміз 1980 жылдың 18 тамызынан аталған мекемеде бесінші разрядтағы электромашиналарды жөндеу жөніндегі электр слесары болып қызмет ете бастайды. Іскер азамат 1981 жылғы 26 қаңтарда Қызылорда облысының электр тораптары кәсіпорнына НОТ (технологияны ғылыми ұйымдастыру) инженері ретінде ауысты. Жұмыста асқан жауапкершілікпен көзге түскен. Мұхитжан Смайылұлы 1984 жылдың 2 қаңтарынан бастап аға инженер-электрик, 17 қыркүйектен соң Қызылорда қалалық электр торабы бастығының орынбасары, 1988 жылдың 14 желтоқсанынан Қызылорда электр тораптары кәсіпорны бас инженерінің қауіпсіздік техникасы жөніндегі орынбасары қызметінде болды. Ал 1989 жылы өзі қызмет атқарып жатқан мекеменің тізгінін қолға алған...».
Жиырма бірінде жоғары оқу орнын жақсы бітірген жас маман көріп отырғаныңыздай, бірден өндіріс орнына жұмысқа тұрып, өз білімі мен білігін көрсете бастайды. Электр кәсіпорнындағы істі ілгері бастыру үшін техника тілін жетік білу керектігі өз алдына, адам ретіндегі ынта-ықылас, айрықша бейім-зердесіз және жетістік жоқ. Ол осындай қабілет-қарымын ерте байқатып үлгерді. Ал отыз жасында өз мекемесінде бірінші Қызылорда қалалық электр тораптары кәсіпорнының бастығы болды.
Мұндай өмір өрлерінен асу, жұмыс-қызметтегі тек ілгерілеп өсу белестері айтуға ғана оңай. Оның әр кезеңінде, бұрынғыдан гөрі биік келесі сатысында қаншама ақыл-ой мен білектің қуат-күші, жүректің жұмсалған жылу-жарығы жатыр. Екі арада алып империя – КСРО құлап, Қазақстан тәуелсіздік алды. Бұған дейінгі жүйе қирап, дағдарыс күшіне мінді. Осындай әрең жанбағыс кезінде де мемлекетке, халыққа бәрібір жарық керек. Демек, мұндай қиындықтарды жеңіп, жылу-электр тораптары жұмысын жолға қою үшін жаңа заман талабынан табылар өре-білікке қоса елді сүйген, халқына жәрдемдесу үшін жүрек жылуын аямаған ар-намыс керек. Алаш арыстарының көсемі Әлихан Бөкейханов ХХ ғасыр кірісінде «Елге қызмет ету – мінезден» деп неге айтқан дейсіз?! Осылайша егемен еліміз өміріндегі ең ауыр кезеңде біздің кейіпкеріміз Мұхитжанды мінезі, еселі еңбегі дағдарыстан құтқарды.
Әрі қарай жоғарыдағы жалпыұлттық рейтингтік энциклопедияға және жүгінсек, Мұхитжан Смайылұлы өміріндегі мынадай өзгерістер мен жаңалықтарға куә боламыз:
«...1997 жылдың 21 желтоқсанынан бастап «Қызылорда электр тарату тораптары» акционерлік қоғамының бірінші вице-президенті болып еңбек жолын жалғастырды. 2008 жылдың қаңтарынан 2009 жылдың ақпанына дейін бас инженер қызметін абыроймен атқарған. 2009 жылы «Қызылорда жылу-электр орталығы» МҚК директоры болып тағайындалады. Кейіннен, нақтырағы 2014 жылға дейін осында басшылық қызметте болды. Ал 2014-2016 жылдар аралығында «Нұртөбе Қызылорда» үй құрылысы комбинаты» ЖШС директоры.
Мұхитжан Смайылұлы 2016 жылдың қаңтарынан бастап күні бүгінге дейін «Қызылорда электр тарату тораптары компаниясы» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы болып жемісті жұмыс жасап жатыр...».
Асылы, адамның еңбегіне қарай өнбегі. Құдай берген мінезіңнен аса алмасың тағы бар. Мұхитжан Смайылұлы өз парызын орындауды біліп, ерен еңбек етіп жүрсе де, атақ іздеген жоқ, мадақ күткен емес. Соған қарамастан оның талай жыл төккен тері текке кетпей, соған сай елдің елеуі, биліктің бағалауы заңдылық болса керек. Осындай марапаттың алғашқысына ол кеңес өкіметі кезінде-ақ қол жеткізді. Атап айтқанда, оған СОКП 80 жылдығы қарсаңында Қазақстан Коммунистік Жастар Одағы қалалық комитетінің және Қазақ КСР Энергетика министрлігінің Құрмет грамоталары берілсе, энергетиктер күні алдында «Өз ісінің шебері» белгісі табыс етілді. 2005 жылы ҚР Президенті Н.Назарбаевтың Алғыс хатын алды. Ол – Қазақстан энергетиктері қауымдастығының «Құрметті энергетигі», ТМД елдерінің «Құрметті энергетигі». Екінің бірі түгіл, екі жүз мыңның бірінің қолы жете бермейтін мәртебелі атақтар бұлар. Сондай-ақ, ол – «Он бірінші бесжылдықтың 2-дәрежелі гвардияшысы», Ресейдің «ГОЭЛРО-ға 80 жыл» толуына байланысты шығарылған төсбелгісін кеудесіне тақса, «ҚР Тәуелсіздігіне 10 жыл», «ҚР Тәуелсіздігіне 20 жыл», «ҚР Тәуелсіздігіне 25 жыл» толуларына орай шығарылған медальдардың да иегері. Бұған «Ерен еңбегі үшін» берілген медальды да қосыңыз. Байқайсыз ба, аз марапат емес. Бірақ біздің кейіпкерімізге мына өмірде ең маңыздысы – шарапат. Әрқашанда тура тұрып, тура жүретін, жемісті еңбегінің нұсқасы да өзі, тағдырының ұстасы да өзі. Өткінші дүниенің мәңгілік сәулесін – ақ жарығын қанағат тұтады. Берсе – аспайды, бермесе – саспайды. Тәуелсіз еліміздің бүгінгі берен тарихын туған жерді табанымен нық басқан, әрбір еңбек белесі шынайы сыр-дастан санаулы елдің ерлері – Мұхиттар жасап жатыр.
Жер бетінде алтын күнсіз, оның шуағынсыз бір жылдық түгіл, бір тәуліктік, бір сәттік – секундтық тіршілік бар ма, бола ма?! Нақ сол сияқты бүгінгі таңда электр жарығынсыз бір айлық өмір, бір тонна қорытылған темір, жарқын көңіл бар ма, болар ма өзі? Тіпті электр тоғы ХІХ ғасырға дейін табылмай, тас қараңғы түнді балауыз шырақпен, білте майшаммен жарық еткенімізді, ал тікелей біздің еліміз өміріне 1960 жылдардың басынан бері келіп, етене болғанын ұмытып кетіп жатамыз. Осынау ақ жарықпен мәңгілік жасасып келе жатқандай сезінсек те, мұның бәрі – кешегі ұлы физик оқымыстылардың, қазіргі Мұхитжандай мемлекетке қосшы, энергетиктерге басшы азаматтардың төккен маңдай терінің арқасы екенін әрқашан ескерсек абзал-ау. Ендеше өз кезіндегі кемеңгер көсем В.Лениннің: «Коммунизм дегеніміз – Кеңес өкіметі және бүкіл елді электрлендіру» деп бекер айтпағанына ден қойсақ дұрыс. Ақиқат осыған сайса, электр нұры – ақ жарықсыз азаттығымыз да, болашағымыз да жоқ екені дәлел тілемесе керек.
Қазіргі күні Мұхитжан Смайылұлы 60 деген елге аға жастың асқар биігінен асып, кемел кезеңнің төбесін басып қана тұрған жоқ. Жұрт көзінде жүрген адам ретінде еліне есеп беріп, жүрегінің жарығын шашып тұр. Мен бағанадан бері оның еңбек жолын тізіп, осы орайдағы азаматтық тұлғасын түзіп, қарабайыр қызметкерліктен гөрі адамдық-қайраткерлік келбетін ашуға тырыстым. Тырыстым дейтінім, әрбір жақсы кісі – жайдақ көлшік емес, мұхиттағы мұзтау – айсберг сияқты. Су бетіндегі сегізден бірін ғана көресің. Ал қайраткер азамат – ұлы суреткер Ф.Достоевский, өзіміздің абыз Абай айтқандай, құпиясы көп, жұмбақ әлем. Олай болса бұрыннан сырттай жақсы білгенмен, талай рет көріп, базбірде етене тілдескенмен, мен Мұхитты терең тани алдым ба? Әзірше білетінім – жоғарыда мен жүгінген рейтингтік энциклопедия тауып айтқандай, танып түйіндегендей, оның бірінші екендігі. Иә, ол өз мекемесінде, тиісті өндіріс саласында – бірінші. Ал, ол мұндай жеңіске, жеміске, жетекшілікке Абай айтқан жақсы жан болуға, толық адамдыққа үш асыл қасиет – ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек арқасында жеткені және ақиқат. «Ғылым сол – үшеуінің жөнін білмек» деп Абай айтқандай, Мұхитжан бойындағы бұл үш бітім-қасиеттің де өз қыры мен терең сыры, жарық нұры мен жұмбақ жыры бар. Осы айтылғандардың айғағындай, ол – Қызылорда қалалық мәслихатының V, VІ шақырылымдарының депутаты, ол – Қызылорда қаласының Құрметті азаматы, ол – Шиелі ауданының Құрметті азаматы.
Ең басты игілік – Мұхитжанның немерелерінің аңызға айналған адам әке Смайылдың, асыл ана Төлтайдың жолын жалғастырып, игі ісін ілгері бастырып, Кәрімбаевтар әулетінің түтінін ХХІ ғасыр басында да тік ұшырып отыруларында. Дау жоқ, озық оташы, дархан дәрігер Смайыл Кәрімбаевты қайталау қиын. Ондай сирек емші, сырбаз шипагер болу да шарт емес. Осынау мәуелі бәйтерек болып өсіп-өнген текті әулеттің жаңа мүшелері атақты ата мен әзиз әже атына кір келтірмеді. Кәрімбаевтар ұрпағы деген дәрежеге сай қазақтың лайықты ұл-қызы, тәуелсіздіктің жарық төккен жұлдызы болып жетілді. Осы өре-өлшемнен байыптасақ, бір ғана Мұхитжан әке мен оның жары Гүлнәр келін әлпештеп өсірген үш қыз – қай-қайсысы да қазақтың қызы деген атаққа сай арулар. Бәрі жоғары білімді. Үлкендері тұрмыс құрған. Басқа қонған баққа да, Мұхит пен Гүлнәрдің қыздары деген жақсы атқа да өз білімімен, еңбегімен жеткен.
Мен өлең жазбағандығы, өлең жаза алмағандығы болмаса, әрбір шын қазақты ақын деп білемін. Басқа салаларда еңбек етіп жүргенмен, көңілдегі көрікті ойларын мөлдіретіп ақ қағаз бетіне түсірмегенмен, Қазақстан Жазушылар одағы мүшелерінен гөрі ақын, ақынжанды азаматтар аз емес-ау өмірде. Абайдың «Туғанда дүние есігін ашады өлең, Өлеңмен жер қойнына кірер денең» деп айтқанының ақиқат екеніне, адамның тал бесік пен тас табыт арасында созылған өмірі пендешілікпен өтпесе, дүниеге құл болуға, расында да ән-жыр, ақ жаңбыр, рухани нарық, ақ жарық екеніне күмән бар ма? Менің Мұхитжан Смайылұлы туралы мақаламның жырмен түйінделуі де орынды сияқты.
Аппақ болып барлық маңай
тұр жанып,
Жоқ қой ешкім ақ жарықты
кірлеткен!
Тасқа түссе бұл жарық,
тасқа дағы қараймын мен
құрметпен.
Құйылып тұр, құйылып
тұр нұр-жарық –
емен, шырша шыға келді
бүр жарып.
Жарық түссе қасіреттің өзі де
кетер еді нұрланып.
Жарық, жарық!
Мынау жердің бетінде
Көлеңкелер ұқсайды екен
жетімге.
Нұр-әкенің жанарынан
тыс қалған,
Жарық болып көкірекке
түсті арман.
Жарық деген – ең әйгілі
есім бұл.
Бөбегімді сәуле болып
өсірдім.
Бұл өмірдің көктемі мен
шуағы –
Махаббат пен мейірімнен
шығады.
Жарық деген әлемде
ең әдемі,
демен, бірақ тек жарықпен
жанасың:
Жану үшін –
қызу керек әуелі,
Ол қызуды –
өзің іздеп табасың.
Жайсаң ақын Жұмекен Нәжімеденовтің өлеңі. Ол бұл өлеңді де 1966 жылы жазған. Ақ жарық жыр. «Ыстық қайрат, нұрлы ақыл, адамды адам етер, махаббат пен мейірім – жалын жүректен шықса», Мұхитжан Смайылұлының жақсы адам, абзал азамат болуының, оның айналасына жанып ақ жарық құюының сыры да осында. Тіпті оның «Қызылорда электр тарату компаниясы» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы болып туған жеріне, өзі өскен Сыр бойы еліне ақ жарық жеткізіп жүруінің де себебі осында.
Аман бол, бауырым! Алдағы уақыттарда да ақ жарық болып жана бер!
Бақыт САРБАЛАҰЛЫ.
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |