Ұшақ апатынан аман қалған 3 сәбидің ата-анасы қайда?
Алматы маңындағы ұшақ апатынан 4-5, 8 және 9 айлық үш сәби зардап шеккен, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Әлеуметтік желіде құтқарушылардың 4-5 айлық нәрестені қираған салоннан алып шыққаны туралы видео тарады. Видео көпшіліктің көңілін босатты.
Көрер жарығы бар баланың ата-анасы тірі ме, жоқ па? Осы сауал көпшіліктің көкейінде тұр.
Қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының таратқан мәліметіне сәйкес, ауруханаға бір жасқа дейінгі 3 бала түскен. Дәрігерлер үшеуінің де ата-анасы тірі екенін айтты.
Бірақ олардың әрқайсысы әр ауруханаға жеткізілген.
Шамамен 4-5 айлық нәрестенің аты – Асылым Ақболатқызы. Қыз баланың миы жарақаттанып, соққы алған. Баланың еңбегі ұрылып, сырылған. Дәрігерлер баланың жағдайын бірқалыпты ауыр деп бағалап отыр.
Сәбидің ата-анасы Алматы облыстық көпсалалы ауруханасында жатыр. Анасы 28 жастағы Сәттігүл Үсенге жарақаттан кейінгі пневмоторакс диагнозы қойылған. Оң жақ сан сүйегі, жамбас сүйегі және оң жақтағы 9-шы қабырғасы сынған. Қазір жағдайы бірқалыпты.
Асылымның әкесі 32 жастағы Даваа Ақболат ми жарақатымен ауруханаға түсті. Оның да жағдайын дәрігерлер бірқалыпты деп бағалап отыр.
Ұшақ апатынан 8 айлық Құралбай Дәмелі де зардап шекті. Бала қосарлы жарақатпен түскен, миы жарақат алған, миы шайқалған. Іші, ішкі органдары соққы алған. Жағдайы ауыр. Оның әкесі - 39 жастағы Нұрлан Төлебаев №4 ауруханада жатыр. Жабық ми жарақатымен түскен. Миы шайқалып, кеуде тұсы соғылған. Жағдайы өте ауыр.
9 айлық Ғатиат Әділжан Мақсұтұлы ми жарақатымен түскен. Іші, ішкі органдары соққы алған. Жағдайы бірқалыпты. Ал оның әкесі 27 жастағы Ғатиат Мақсұт Болатқанұлы бас жарақатымен шұғыл медициналық қызмет көрсету ауруханасына жатқызылды. Әзірге баланың анасы туралы ақпарат жоқ.
Барлық бүлдіршіндер қалалық балаларға шұғыл медициналық көмек көрсету орталығына жатыр.
«Бізге 9 бала жеткізілді. Олардың үшеуі - бір жасқа дейінгі балалар. 3 бала бөлімшеде жатыр. Қалған 6 бала - жансақтау бөлімінде. Сан сүйегі сынған екі балаға ота жасалды. Жағдайы бірқалыпты. Өміріне еш қауіп төніп тұрған жоқ. Барлық медициналық препараттар жеткілікті. Балалардың ата-анасы аман деп естідік. Туыстары келіп балаларды көріп кетті», - деді орталықтың бас дәрігері Абай Құсайынов.