Кеше Жалағаш ауданының «Ақжол» тойханасында аудан әкімінің балаларға арналған Жаңа жылдық шыршасы өткізілді.
Жаңа жылдық шыршаға республикалық, облыстық олимпиадалардың, байқаулардың жеңімпаздары, аз қамтылған, қорғаншылықта және көп балалы отбасыларынан шыққан 200-ден астам мектеп оқушылары мен бүлдіршіндер қатысты.
Мерекелік шара аясында аудан әкімі Қайратбек Сәрсенбаев көпшілік қауымды және бүлдіршіндерді жаңа жыл мерекесімен құттықтап, ауданның ағымдағы жылғы білім саласындағы жетістіктеріне тоқталып өтті.
- Қымбатты балалар, бүгін Сіздер, ауданымыздың басты жаңа жылдық шыршасын мерекелеу үшін әр мектептен жиналдыңыздар. Бұл аға-буынның өздеріңіздей өнегелі өскелең ұрпаққа көрсеткен құрметі-дей келе,
- Халқымыз «Өсер елді өскелең ұрпағынан таниды» деп бекер айтпаса керек. Ата-ананың үкілі үмітін ақтайтын да, туған еліміздің асқақ рухын сақтайтын да, мына Сендер. Сондықтан, біз, сендердің ақылды да алғыр, зерделі де зерек, білімді болып өскендеріңді қалаймыз,-деді аудан басшысы.
Жаңа жылдық кеште балалар өз өнерлерін ортаға салды. «Доңыз жылымен» қош айтысып, «Тышқан жылын» қарсы алды. Жаңа жылдық кештің иелері мәре-сәре болып, кеш соңында аудан әкімінің тәтті сыйынан дәм татып, жаңа жылдық сыйлықтарға ие болды.
Атап айту керек, биылғы оқу жылында 1682 оқушы халықаралық, республикалық, облыстық олимпиадалар, ғылыми жоба конкурстары мен әртүрлі танымдық сайыстарға қатысса, 3383 оқушы спорттық сайыстарға қатысқан. Республикалық деңгейдегі байқауларға қатысқан 25 оқушының 18-і жүлделі орындарға ие болды.