Әкесі төлемеген алимент ата-әжесінен өндірілуі мүмкін

Жекеменшік сот орындаушыларының санын арттыру шарасы бюджет қаржысын шамамен 1,5 млрд теңгеге үнемдеді, деп хабарлайды «Хабар 24».
Бүгінде Қазақстанда 2 мыңнан аса жеке сот орындаушысы бар. Ал саланы автоматтандыру аясында ақылы қызметтер қосылған. Бұл туралы Мәжілістің Үкімет сағатында Әділет министрі Марат Бекетаев айтты. Оның негізінде алдағы жылдары бюджет тағы 200 млн теңгеге толығады. Халыққа ыңғайлы болуы үшін арнайы терминалдар да орнатылған. Ал алдағы уақытта қызмет ақысы өтелгені жайлы түбіртек тиісті орынға автоматты түрде жеткізілетін болады.
«Жалпы 2021 жылы сала толықтай цифрлық жүйеге көшіріледі», деді ол.
Марат Бекетаев, ҚР Әділет министрі:
- Бес жыл бұрын болған жағдайды қарайық. Ол уақытта проблемалар көп болды. Мысалы, атқару парағының жоғалып кетуі, балаларды қамтамасыз етуді қоса алғанда, берешекті өндіру төмен деңгейде болды. Енді жеке сот орындаушы өзінің виртуалды кабинетінде барлық атқарушылық әрекеттерді жасай алады. Бұл мемлекеттік органдардың 58 ақпараттық жүйелерімен біріктіру нәтижесінде мүмкін болды. «Алимент төлемесең, ата-анаң жауапқа тартылады». Италияның бұл тәжірибесі Қазақстанда енгізілуі мүмкін.
Марат Бекетаевтың айтуынша, сот орындаушыларына келетін шағымдардың жартысынан көбі осы мәселеге қатысты. Енді министр шетелдік жүйені қолданысқа енгізуді ұсынды. Оның пікірінше, бұл талқылауға тұрарлық бастама. Себебі, аталған мәселе министрліктің басты назарында. Арнайы іс-шаралар жоспары мен үшжақты меморандум да қолға алынған. Оның негізінде 816 борышкер жұмыспен қамтылды. Жалпы атқарылған ауқымды жұмыстар нәтижесінде мәселелі алименттер саны 14 мыңға азайған.
Балайым Кесебаева, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Өзінің ата-анасының жауапкершілігі төмен болған жағдайды көрсетіп отыр қазір. Ол жұмыс істемейді, біріншіден. Екіншіден, ешқандай табысы жоқ, мүлкі жоқ. Одан бірнәрсені алуға сот орындаушының қолында да ондай тетік жоқ. Сондықтан алимент төлеуден жалтарып жүрген борышкерлердің жауапкершілік арттыру бойынша мәселелер көтерілді.
ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 24 желтоксан 2019 г. 276 0