« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Кеше облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының ұйымдастыруымен дәстүрлі ІІ облыстық медиаторлар слеті өтті. Оған облыс әкімінің орынбасары Наурызбай Байқадамов, облыстық сот, прокуратура, құқық қорғау органдары және кәсіподақ өкілдері, аудан әкімдерінің орынбасарлары мен облыстық басқарма басшылары, кәсіби және қоғамдық медиаторлар қатысты.
Шара өңірде медиация институтының даму барысы турасындағы бейнероликтен бастау алды. Мұнан соң медиация институтының сот төрелігін жүргізудегі рөлі жайында Қызылорда қалалық сотының судья-медиаторы Жазираш Қалмақанова баяндады. Медиация институтының даму барысы туралы Қызылорда қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы Руслан Қаюпов, бітімгерлік аясындағы атқарылған жұмыстарға Қармақшы ауданының қоғамдық медиаторы, аудандық медиация кеңесінің төрағасы Жақсыбай Жәкеев тоқталды.
– Қармақшы ауданында 10 кәсіби емес, қоғамдық медиатор және 1 кәсіби медиатор жұмыс істейміз. Олардың барлығы білімді, ел алдында жүрген саяси сауатты азаматтар. Аудан бойынша 46 азаматтық, 15 қылмыстық және 36 әкімшілік іс медиация тәсілімен қысқартылды. Жалпы 101 іс негізінде медиаторлар бітімге қол жеткізді, – деді ол.
Ал мектептегі медиацияны дамыту жайын тілге тиек еткен Белкөл кентіндегі №189 орта мектептің педагог-психологы Ботакөз Мадирова дауласқан жандарды бітімге келтіру жүгі ауыр болғанымен, жасөспірімдерді бітімге шақырудың өзіндік ерекшеліктерін жеткізді.
– Психологиялық тұрғыда жасөспірімдердің қоршаған ортаның әрекеттерін қабылдауы өзгешеленіп тұрады. Жасы үлкен кісілерді бітімге шақыру бір бөлек болса, өтпелі кезеңде және түрлі әлеуметтік сатыдағы қарама-қайшылықтарды көріп жүрген жасөспірімді татуластыру ювелирлік дәлдікті талап етеді. Себебі, бір дұрыс айтылмаған сөз оның психикасына кері әсерін тигізіп, болашағына нұқсан келтіруі әбден мүмкін. Сондықтан оқушылар арасындағы түйткілді мәселе[hide][/hide]ні шешуде жан-жақты болған жөн, – деді ол.
Жиын барысында облыс әкімінің орынбасары Наурызбай Байқадамов өңірдегі бітімгерлік бағытында атқарылған толымды жұмыстарды сөз етті. Оның айтуынша, биыл облыстық ҚХА хатшылығына медиация бағытындағы жұмыстарды жандандыру мақсатына 1млн 600 мың теңге қаржы бөлінген. Соған сәйкес, облыс бойынша медиаторлардың көмегімен 2453 дау шешімін тауып, тараптар ымыраға келген. Қоғамдық медиаторлар барлығы 785 дауды шешсе, оның ішінде 238-і сотқа дейін, 254-і бойынша сотта медиациялық келісім орнаған. Ал, 293 дау қоғамдық медиаторлардың кеңес беруі нәтижесінде тоқтатылыпты.
Жалпы бітімгерлік – адамдар арасындағы сыйластықты, татулық пен берекені, елдің тұтастығын сақтаудағы ең ұтымды тәсіл десек, медиатор – екі тараптың арасындағы алтын көпір іспетті. Мұндай жандардың қоғамдағы маңызы зор, еңбегі орасан. Шара соңы осы саланың дамуына сүбелі үлес қосқан медиаторлар мен сала мамандарының марапатына ұласты.
Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ.
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |