Жақында Тереңөзек кенті орталығында ерекше турнир өтті. Оны ұйымдастырған – кент ардагерлері кеңесі мен биыл 70 жасқа толған спортшы Бақтыбай Мәтібаев.
Саламатты өмірді ұстанатын Б.Тұрсынбайұлы 40 жыл ауданның денсаулық саласында фельдшер болып жемісті еңбек етті. Қыстың дүлей боранында, жаздың аптап ыстығында аудан орталығынан шалғай орналасқан малшылар мен шопандардың қыстағына сапар шегіп, қызмет жасады. Бәкең ешуақытта көлік мінген емес. Күніне 9-10 шақырым жер жүріп, жұмыс орнына жаяу баратын. Мінезі де мәрт. Уәде берсе, екі етпей орындайды.
Сүйікті жары Ақкүл – орта буын медицина қызметкері. Ол кісі де осы салада қырық жылдан астам қызмет атқарған. Ерлі-зайыпты екі ұл, екі қыз тәрбиелеп өсіріп, олардан балдай тәтті он шақты немере сүйіп отыр.
– Бәкең – үлгі тұтатын ағамыз. Барынша әділ, көппен ортақ тіл тапқыш, қалжыңды да сүйеді. Мерейлі 70 жасқа абыроймен жетіп отыр. Бұл оның ақжарқын, ақкөңілділігінің, қайсарығының, турашылдығының жемісі ғой деп ойлаймын, – дейді інісі Балтабай.
Бәкең 70 жылдық мерей жасын мейрамханада емес, аудандық «Достық» үйінің ардагерлер бөлмесінде атап өтті. Осы орайда ардагер спортшының шахматтан аудан чемпионы, бильярдтан аудандық турнирдің екінші орын иегері екендігін айта кеткен жөн.
Ардагердің отбасы және ағайын-туыстары жүлде белгілеп, кентте ардагерлер арасында бильярдтан турнир өткізді. Ақсүйектер ойыны аталатын доданы құттықтау сөзбен ашқан кент ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұса Келдібаев бұл әдеттегіден ерекше турнир екендігін, өзгелерге үрдісті үлгі болатынын, оған ардагерлердің белсенділікпен қатысып жатқандығын атап өтті.
Жарыстың бас төрешісі Мектепхан Елеусінов біріншіліктің ережесін таныстырғаннан кейін 16 ардагер спортшы жеребе бойынша жарыс жолына шықты. Тоқсан жастың төріндегі Рахымжан Бәйменов бастаған бильярдшылар, атап айтатын болсақ, сексеннің сеңгірінен асқан Сергей Тоқсанбаев, Марат Сақтапов, Төлеу Сүлейменов, олардың ізін басып жүрген Абылай Әшірбеков, Үсейін Сүлейменов, Әнуар Қарсақбаев, Мырзалы Орынбаев, Бақытжан Әбілпаттаев, Амантай Есмағанбетов, Рахымберді Раймов және басқа да ардагерлер ойынды қыздырды. Сайыс қорытындысында бірінші орынды Әнуар Қарсақбаев жеңіп алды. Екінші орынды Төлеу Сүлейменов иеленсе, үшінші тұғырға Абылай Әшірбеков көтерілді. Жеңімпаздарға ақшалай сыйлық берілді.
Шаһарбек НҰРСЕЙІТОВ.