Жыл бойғы жұмыс сараланатын желтоқсанда Сыр жастарының сүйінші сұрайтын жаңалығы көбейді. Жастар көңілін жаулап алған КТА Жоғарғы лига чемпионаты Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында өтіп, «Қорқыт» құрамасы жеңімпаз атанды.
Бұл – күлдіре білудің өнер екенін дәлелдеп жүрген жігіттердің 13 жылдық еңбегі. Ал, жуырда Сырдың 3 перзенті «Дарын» Мемлекеттік жастар сыйлығына лайық деп танылды. Бүгінгі буынның жетістіктері мен мәселелері айтылған брифинг өңірлік коммуникациялар қызметінде ұйымдастырылып, оған «Жастар ресурстық орталығы» КММ директоры Бауыржан Мәстеков қатысты. Баспасөз конференциясында «Қорқыт» құрамасының Асылхан Дүкенбаев, Құттыбай Сағындықов, Бағлан Аманбекұлы сынды танымал ойыншылары финалдық ойынның қалай өткенін айтып берді. Нұр-Сұлтан, Атырау, Түркістан, Орал қаласының командалары қатысқан шешуші сынның алғашқы кезеңінде бірде-бір кіші кубок иеленбей, қобалжығандарын да жасырмады. Есесіне, мұнан кейінгі кезеңдерде «Қорқыт» құрамасы 2500 орындық зал толы көрерменді де, қазылар алқасын да өнерімен баурады. Еліміздегі танымал жобаның бас жүлдесі – кубок пен 1 миллион теңгені еншілеген әзілкештер енді қабілеттерін кино саласында да байқап көрмек.
Мұнан кейін брифингте Бауыржан Мәстеков биыл атқарылған жұмыс барысына тоқталды. Бүгінде облыста Байқоңырды қоса есептегенде 176746 жас бар. Оның ішінде ауыл жастарының үлесі сәл басымырақ. Айталық, қала жастары 41,6, ал ауыл жастарының үлесі 58,4 процентті құрайды. Қай уақытта да жастар арасындағы басты мәселе – жұмыссыздық екені белгілі.
– Бес жылда жұмыссыздық деңгейі 5,1-ден 4,2 процентке азайған. Өңірде жастар ахуалы тұрақты. Биыл сол жағалауда мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында Жастар орталығы пайдалануға берілді, – деді орталық директоры.
Жастар жылының ауқымды сыйы болған бұл орталыққа қыз-жігіттердің жиі келуінің басты себебі коворкинг, фитнес зал, кітапхана, ІТ парктің орналасуы болып тұр. Айталық, джиу-джитсудан спорт шебері нұсқаулық ететін фитнес орталығында бір тәулікте 300-330 адам жаттығып, бой сергітеді. Цифрландару заманында робототехника, ІТ салаға қызығушылардың да қарасы қалың. 3Д студия, графикалық станция, робототехника кабинеттері бар ІТ паркке осы салада өзімді сынасам дейтін кез келген адам келсе болады.
Ал, шығармашыл жастарға қолдау көрсететін «Жастар продюсерлік және дыбыс студиясы» жуырда ғана ашылды. Мұнда бағдарлама түсіріліп, қазір қаралымы бойынша бірінші болып тұрған Youtube желісінде канал жүргізілмек. Сондай-ақ, республикалық, халықаралық байқауларға қатысатын жастарға тегін қызмет көрсетіліп, бейнеклип те түсірілмекші. Айта кету керек, Жастар жылында орталықта өткізілген ауқымды шараның бірі – түркітілдес елдер жастарының басын қосқан халықаралық фестиваль.
Сондай-ақ, бұл жылы өз саласында жетістікке жеткен көшбасшы 125 қыз-жігіт қала, аудан әкімдерінің арнайы сыйлықтарымен қатар, араға бірнеше жыл салып «Сыр үміті» сыйлығы мен Ғ.Мұратбаев атындағы «Ғани» сыйлығымен марапатталды. Ал, лайық деп танылған 12 адам «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығына ұсынылып, бокстан Әлем чемпионатының 2 мәрте күміс жүлдегері Қамшыбек Қоңқабаев, мәнерлеп сырғанаушы Элизабет Тұрсынбаева және айтыскер Мейірбек Сұлтанхан еліміздегі жастарға арналған ең беделді сыйға ие болды. Жалпы биыл Сырдың жас спортшылары Әлем, Азия чемпионаттарында 168 медаль жеңіп алса, республика чемпионаттарында 1420 медальға қол жеткізген. Жиын барысында алда атқарылатын жұмыстарға да шолу жасалды. Орталық қазірден бастап Абайдың 175 жылдығын атап өту шараларына кірісіп кетті. Сондай-ақ, жастарды қолдау жұмыстары жалғаса бермек. Айталық келер жылы жастар саясаты мектебі ашылады.
Айдана ЖҰМАДИНОВА.