Баймұрат батыр ауылында дәрігерлік амбулатория салу қолға алынбақ

Бұл туралы қала әкімдігінің баспасөз орталығында өткен баспасөз конференциясында Ақжарма ауылдық округінің әкімі Ж.Әлиев мәлімдеді.
«Ауылда мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетіктері аясында дәрігерлік амбулатория салу үшін облыстық денсаулық сақтау басқармасы үстіміздегі жылы тендер өткізуде. Жеңімпаз мердігер мекеме анықталған жағдайда келісім-шарт негізінде тиісті жұмыстар бастау алатын болады» - деді ауыл әкімі.
Ауыл әкімі бұдан бөлек ауыл тұрғындарының бірлігі негізінде атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып өтті.
Оның бірі, ауыл азаматы М.Бақбергеновтың өз қаражаты есебінен ауылдағы М.Маметова, А.Құнанбаев көшелерінің тұрғындарына 1 дана трансформатор сатып алып беру арқылы электр тоқ күшін жеткізу жұмыстары жүргізілсе, демеушілер тарапынан баспана беру мүмкіндігі қолға алынып, 4 отбасы баспана қуанышына қол жеткізді.
Сонымен қатар, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында жеке 150 орындық Мәдениет үйі салынуда. Желтоқсан айының аяғына құрылыс жұмыстары толық аяқталып, қолданысқа беріледі деп жоспарлануда.
Айта кету керек, 2018-2019 жылдар көлемінде Ақжарма ауылдық округінде кәсіпкерлік нысандар саны 111-ге жетіп, жалпы есеппен 255 адам тұрақты жұмыспен қамтылған.
Биылғы жылы «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы аясында ауыл тұрғындары ұсынған 16 жоба қолдау тапты.
ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 21 желтоксан 2019 г. 466 0