Дәрісханаға ғалым есімі берілді

 Қорқыт ата атындағы ҚМУ ғимаратындағы дәрісханаға «Құрмет» орденінің иегері, ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері, техника ғылымдарының докторы, профессор Серікбай Қошқаровтың есімі берілді. Салтанатты шараға облыс әкімінің орынбасары Наурызбай Байқадамов, мәслихат хатшысы Қылышбай Бисенов және ғалымдар қатысты.

Сыр өңірінде су тапшылығы, сапасының нашарлауы, топырақтың сортаңдануы сынды  маңызды мәселе жетерлік. Серікбай Иманбайұлының ғылым жолындағы ең алғашқы зерттеуі де осы тақырыпқа, атап айтсақ өңірдегі егіс алқаптарының су және тұз режиміне арналған. Жиында Наурызбай Байқадамов ұстаздың ғылыми еңбектері мен жетістіктеріне тоқталды.

     ‒ Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде ғылымның дамуы мен шәкірт тәрбиесіне адал еңбек сіңірген ұстаздардың еңбегін насихаттап, кейінгі буынға үлгі ететін үлкен дәстүр бар. Сондай игі шараның қазақтың ұлттық мерекесі Тәуелсіздік қарсаңында ұйымдастырылғаны көпшілікті қуантты. Серікбай Иманбайұлы тек ғылымға ғана емес, қоғамның өзекті мәселеріне назар аударып, руханиятқа да сүбелі үлес қосып  жүрген ұстаз, ‒деді.

Серікбай Иманбайұлының ғылымдағы еңбегі елеулі. 1990 жылы Қызылорда агроөнеркәсіп өндірісі инженерлері институты құрылған тұста  білікті маман бес жыл кафедра басқарып, он жыл факультет деканы қызметін атқарады. Одан кейінгі жылдары ұлағатты ұстаз Мәскеу мемлекеттік табиғатты үйлестіру университетінде (бұрынғы МГМИ) «Сырдария өзенінің төменгі ағысында орналасқан суармалы алқаптардың экологиялық-мелиоративтік режимдерін реттеу» тақырыбында докторлық диссертациясын қорғап, суармалы алқаптың жағдайын реттеуді ландшафтық негізбен байланыстыра отырып зерттеу жүргізеді. Одан өзге ғалымның зерттеу жұмыстары нәтижесінде жүзден аса ғылыми еңбек жарыққа шыққан. Оның үшеуі монография болса, бірі жоғары оқу орындарының бағдарламасына негізделген оқулық.

Парасатты ұстаз ғылым жолынан бөлек қоғамдық-саяси өмірді де назардан тыс қалдырған емес. Оған Серікбай Иманбайұлының 2003-2005 жылдары облыстық сайлау комиссиясының төрағасы қызметін атқарғаны дәлел. Ғалымның республикалық «Егемен Қазақстан» газетінде басылған мақалаларының да орны бір бөлек. Қоғамның жай-күйі, экономикалық даму бағыттары, экология мәселесі турасында басылым бетіне үн қосып отырған тұлғаның заманға бергені, қоғамға қосқан үлесі сүбелі екені даусыз.  


Гүлдана ЖҰМАДИН.

 

ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 20 желтоксан 2019 г. 720 0