Қызылорда облысында сібір жарасы (күйдіргі) ауруына стационарлық қолайсыз 55 нүкте мен аурудың 60 топырақтық ошағы тіркелген. Бұл сала мамандарын алаңдатып отыр, деп хабарлайды
ҚазАқпарат тілшісі.
Айта кетерлігі, күйдіргі Қызылорда облысында соңғы рет 2008 жылы тіркелген. Одан бері адамдар мен ауыл шаруашылығы жануарлары арасында сібір жарасына қатысты күдікті жағдай орын алған жоқ.
«Бүгінгі күнге дейін аталмыш ауруға қарсы егілуге тиіс деп жоспарланған адамдарға қаржы бөлінбей келді. Соған байланысты вакцинациялау жүргізілмеді. Алайда, елімізде соңғы 2 жылда күйдіргі ауруы бойынша эпидемиологиялық-эпизоотологиялық ахуал күрделенді. Бұл бағытта Қызылорда облысының тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті мамандары тиісті орындарға мәселе көтерді. Нәтижесінде жергілікті атқарушы органдар тарапынан тиісті қаржы бөлініп, оған 2250 доза вакцина сатып алынды», - деп мәлім етті Қызылорда облысының тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысының орынбасары Әлия Әбдіқайымова.
Басқарма басшысының айтуынша, заңнамаға сәйкес 2020 жылдың сәуір-мамыр айларында індеттің эпидмаусымы алдында егілуге тиісті контингентке екпе салынады.
«Күйдіргіге қарсы жоспарлы вакцина кімдерге салынады? Біріншіден, халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саулығы саласында, денсаулық сақтау, ветеринария саласында қызмет ететін органдар мен ұйымдардың мамандары және күйдіргі ошақтарында, күйдіргі қоздырғышын жұқтыру күдігі бар материалмен жұмыс істейтін және күйдіргі қоздырғышына сынама алатын, зерттеуді жүргізетін зертхана мамандарына салынады. Екіншіден, вакцинамен жануарларды, жануардан алынатын өнімдер мен шикізат дайындау (сою), сақтау, қайта өңдеу және өткізуді жүзеге асыратын ет өңдеу кәсіпорындарының, мал соятын пунктілердің, мал соятын алаңдардың және ішкі сауда объектілерінің жұмыскерлері қамтылады. Мұндай шаралар мал сою, стационарлық-қолайсыз нүктелер аумағынан әкелінген жануардан алынатын өнімдер мен шикізатты жинау, сақтау, тасымалдау және алғашқы өңдеумен айналысатын адамдар арасында да атқарылады», - деді Әлия Әбдіқайымова.