Шыны керек бүгінде мемлекет тарапынан мүмкіндігі шектеулі азаматтарға жағдай жасауға бағытталған түрлі бағдарламалар қабылданып, жұмыстар жүріп жатыр. Дегенмен, оларды жұмыспен қамту, сондай-ақ мүмкіндігі шекетулі балғындарды сәби кезінен анықтап, ортаға бейімделуіне жағдай жасау мәселесі күн тәртібінен әлі күнге дейін түспей келеді.
Мәселен, бүгінгі күні облыс бойынша 18 жасқа дейінгі 7000 мыңға жуық ерекше қолдауды қажет ететін балалар есепке алынған. Олардың 5800-і дамуында мүмкіндіктері шектеулі болса, 1200-і жүрек, бүйрек, қан секілді соматикалық аурулармен есепке алынып отыр. Олардың 3268-і инклюзивтік, 1458-і арнайы біліммен қамтылған. Қалған балалар оңалту және түзету көмегін алуда. Жасыратыны жоқ, осыдан 4 жыл бұрын білім алуға жатпайды деген аутист және дауна синдормы диагнозындағы балалар да бүгін мектеп партасында отыр.
Әрине, бұл қуанарлық жағдай дегенімен білім беру ұйымдарында оларға арнайы білім беретін мамандар, құралдар, оқулықтар секілді жағдайлар жасалуы тиіс. Сондай-ақ ерекше қажеттіліктерге мұхтаж балалар баратын жалпы білім беретін мектептердің де көбісі архитектуралық қолжетімділікке дайын емес, пандустар, т.б жұмыстар стандартқа сәйкестендірілуі керек.
Сондай-ақ облыста 30 мыңнан астам, ерекше қажеттілігі бар жандар тұрса, олардың 18653-і еңбекке жарамды жандар.Оларды жұмыспен қамту қандай деңгейде? Бүгін «Nur Otan» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ақмарал Әлназарова партияның «Кедергісіз келешек» жобасы аясында тиісті басқарма басшыларын жинап, осы бағытта өңірде атқарылған жұмыстар мен алдағы міндеттерді жан-жақты талқылады.
Жиынға мүгедектер қоғамдық бірлестіктерінің төрағалары, үкіметтік емес ұйымдар мүшелері, инклюзивті білім беру мекемелерінің басшылары, мектеп директорылары мен мүмкіндігі шектеулі балалар тәрбиелеп отырған ата-аналар қатысты.