ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиев «Бәйтерек» ғарыш кешенінде қандай тасымалдағыш зымырандар пайдаланылатынын айтты, деп хабарлайды
ҚазАқпарат тілшісі.
«Хаттаманың бірінші бабында «Бәйтерек» кешені экологиялық қауіпсіздік деңгейі жоғары тасымалдағыш зымырандарды ұшыруға арналатыны атап өтілген. Осыған байланысты «Бәйтерек» кешенінен ұшыру үшін қандай тасымалдағыш зымырандар қолданылады?», - деп сұрады депутат Бекболат Тілеухан Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында.
Өз кезегінде министр А. Жұмағалиев «Протон» экологиялық жағынан тиімсіз екенін, өйткені бұл тасымалдағыш зымыранда гептил отыны пайдаланылатынын жеткізді.
«Союз-5» тасымалдағышында гептил отыны пайдаланылмайды, яғни онда оттегі мен керосин отыны болады. Осы орайда экологиялық жағынан әлдеқайда тиімдірек. Бұл ретте экологиялық тұрғыда мәселе туындамайды. Сонымен қатар, коммерциялық жағынан «Союз-5» зымырын тасымалдағышы «Протонмен» салыстырғанда тиімді», - деді Асқар Жұмағалиев.
Бұдан бұрын хабарланғандай, Мәжілістің жалпы отырысында «2004 жылғы 22 желтоқсандағы ҚР Үкіметі мен РФ Үкіметі арасындағы «Байқоңыр» ғарыш айлағында «Бәйтерек» ғарыш зымыран кешенін құру туралы келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы хаттаманы ратификациялау турал» заң жобасы мақұлданды.
Осы жобада Ресей тарапы «Союз-5» зымыранды, техникалық және старттық кешендерінде бақылау-тексеру жабдықтарын құруды, сондай-ақ үдемелі блоктың техникалық кешенін, ғарыш аппаратын және ғарыштық бастиек бөлігін жаңғыртуды қамтамасыз етеді. Осы жұмыстар 916 млн АҚШ доллары сомасында бағаланды. Жаңғырту мақсатында 2018 жылы «Байқоңыр» айлағының 42,43 және 45-ші алаңдарында орналасқан «Зенит-М» кешенінің 243 нысаны Қазақстан тарапына берілді. Қазақстан тарапы «Зенит-М» кешенінің жерүсті инфрақұрылымы нысандарын қайта жаңарту мен жаңғырту жұмыстарын жүргізеді.