Кеңес жауынгерлерінің бауырлас зиратында митинг өтті

Қызылорда облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы және қалалық әкімшіліктің қолдауымен «Славян мәдени орталығы» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен Ұлы Отан соғысы жылдарында қайтыс болған кеңес жауынгерлерінің бауырлас зиратында митинг болып өтті. Оған «Қоғамдық келісім» КММ директорының орынбасары А.Жұмабаев, қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы Р.Каюпов, И.В. Панфилов атындағы №5 мектеп лицейінің директоры А.Ізбасова, этномәдени бірлестіктің жетекшілері мен мүшелері, қалалық әскери комиссариат, ардагерлер кеңесінің мүшелері, ауған жауынгерлері, қала жастары және БАҚ өкілдері қатысты.

Митингті «Славяне» этномәдени бірлестігінің жетекшісі Г.Щербакова ашты. «Құрметті ардагерлер, қымбатты достар, қала тұрғындары! Ресей Федерациясының Алматы қаласындағы Бас консулдығы Ресей Федерациясында «Патриот» саябағының тарихи-мемориалдық кешенінде Ұлы Жеңістің 75 жылдығын мерекелеуге дейін фашизмге қарсы күресте өмір сүрген Кеңес жауынгерлерін еске алу жұмыстары жүргізіліп жатқанын хабарлады. Осыған байланысты Ресей Федерациясының Қорғаныс министрлігі «Еске алу жолы» жобасын әзірледі. Ұлы Отан соғысы жылдары қаза тапқандар мен жарақаттан қайтыс болған кеңес солдаттарының жерленген жерлерін осы мемориалдық кешеніне салтанатты тапсыруды қарастырып отыр. Сондықтан біз осында жиналып отырмыз. Митингті ашуға рұқсат етіңіздер», -деді.

 Митинг аясында №5 мектеп лицейінің оқушылары «Біздің жердің көптеген ұлдары мен қыздары өз елінің бостандығы үшін, ұрпақтарының бақытты болашағы үшін өз өмірлерін қиды. Бұл Брест қорғаушылары! Бұл Ленинградтың 900 күні! Бұл панфиловшылардың анты: Шегіну жоғынан, артта Мәскеу! Бұл Курск доғасы батырларының ерлігі! Бұл Берлин шабуылы! Бұл тыл еңбеккерлерінің қиын жұмысы! Бұл концлагер тұтқындарының азабы! Бұл бүкіл халықтың жадында!» деп ұрандады.  

Мұнан соң №5 мектеп лицейінің оқушылары әдеби монтаж оқыды, жас ұрпақтың сөзі тыңдалды. Бір минут үнсіздік жарияланды.

 Бауырлас қабірден жер алу рәсімі Кеңес Одағының Батыры И.В. Панфиловтың есімі берілген №5 мектеп лицейіне тапсырылды. Айта кету керек, аталмыш оқу ордасы өскелең ұрпақты патриоттық рухта тәрбиелеу тұрғысында үлкен жұмыс жүргізіп келеді. Оқушылар туған жерге деген сүйіспеншілігін арттыра отырып, ынтымақ пен бірлікті насихаттау бағытында «Славян» орталығымен тығыз байланыста жұмыс жасайды. Бұл мектепті Ресейдің Бас Консулдығы жақсы біледі. Мектепте Алматы қаласындағы РФ Бас консулы болды. Биылғы жылы 9 мамырға дейін мектептің бұрынғы түлектері Мәскеу түбіндегі Дубосеково ауылынан келді. Үстіміздегі жылдың 12 маусымында мектеп басшылығы Ресей күнін мерекелеуге байланысты Алматының Бас консулдығына салтанатты қабылдауға шақырылған болатын.

Осы орайда «Славяне» этномәдени бірлестігінің жетекшісі Г.Щербакова Ресей Федерациясының елшісі Алексей Бородавкиннің атынан мектеп директоры Алтын Ізбасоваға грамотаны табыстады.

Өз кезегінде И.В. Панфилов атындағы №5 мектеп лицейінің директоры А.Ізбасова жер алу рәсімін орындады.  

Ендігі кезекте бұл аманат Ресейдің Бас консулдығына тапсырылып, арнайы рейспен Мәскеуге жөнелтілетін болады. Сондай-ақ «Патриот» саябағының мемориалдық кешенінде Қызылорда қаласында жарадан қайтыс болған жауынгерлердің жерленген жерінен, осы бауырлас қабірге көмілген мемориалдық тақта орнатылады деп күтілуде.

Митинг соңында «Журавли» әні орындалып, оқушылар қатысушыларға тырналар бейнесі бейнеленген қағаздарды таратты.

Облыстық Қазақстан халқы

ассамблеясының баспасөз қызметі

ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 18 желтоксан 2019 г. 360 0