Қазалыда футзалдан бесінші аудан біріншілігі басталды

Қазалыда футзалдан бесінші аудан біріншілігі басталып, бірінші тур ойындары өтті.
Турнирдің ашылу салтанатына аудан әкімінің орынбасары Әлімжан Жарылқағанов қатысып, спортшыларға сәттілік тіледі.
– Қазалы футболының жетістіктері де жыл санап артып, қарқынды дамып келеді. Ауданымыздың аяқдоп шеберлері облыстық, республикалық, тіпті халықаралық деңгейлерде өнер көрсетіп, абырой биігінен көрінуде.Аудан жігіттерінен құралған «Жігер» футбол командасы жыл сайын облыс чемпионатында, ауыл спортшыларының «Алтын күз» ойындарында жеңімпаз атанып келсе, бұрымдыларымыз да жаман нәтиже көрсетіп жүрген жоқ. Қазіргі таңда қазалылық Құндыз Қожахмет футболдан Қазақстан ұлттық құрамасының сапында еліміздің намысын әлемдік аренада қорғап жүр.
Ауданымызда футболға деген қызығушылық жоғары деңгейде. Оны аудан біріншілігіне қатысушы командалардың санынан-ақ байқауға болады, – деді Әлімжан Мұратбайұлы.
Айта кетейік, футзалдан бесінші аудан біріншілігіне «Арзан», «Көркем Сервис», «Орда», «Басықара», «Құмжиек», «Авангард», «Қайсар», «Сыр маржаны», «Жанқожа», «Намыс», «Қыран» және «Ақтілек» командалары қатысуда.
Қазалы ауданы әкімінің баспасөз қызметі

ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 18 желтоксан 2019 г. 263 0