Жосалы кенті орталығындағы №183 орта мектебінде Желтоқсан құрбандарын еске алуға арналған шағын футболдан облыстық турнир өтті. Жасөспірімдер арасындағы арасындағы теңбіл доп додасына өңірімізден 8 команда бақ сынады.
Жарыстың ашылуында cөз алған аудан әкімінің орынбасары Қошалақов Әділ Үсенұлы Тәуелсіздік күні мерекесімен жиналған жұртшылықты құттықтап, жасөспірімдер арасында салауатты өмір салтын насихаттаудағы шараның маңыздылығына тоқталып өтті.
Сонымен бірге шараны ұйымдастырушылардың бірі желтоқсан оқиғасына қатысушы Қамбаров Қали Бүркітбайұлы сөз алып, Тәуелсіздік жолындағы арыстарымыз халықтың мәңгі жадында екендігіне тоқталып, Тәуелсіздіктің талай адамның қанымен, көз жасымен келгендігін айтып, ізгі лебізін білдірді.
Ауданымызда дәстүрлі түрде өткізіліп келе жатырған Желтоқсан құрбандарын еске алуға арналған шағын футболдан турнирді ұйымдастырушы желтоқсан оқиғасына қатысушы Ерлан Бисенбаевтың еңбегін атап өтуге болады.
Биыл да дәстүр бойынша шараны ұйымдастырушылар желтоқсан қаһармандарын еске алып, әруақтарға құран бағыштады. «Тәуелсіз Қазақстанда тұрып жатқан қазіргі ұрпақ бақытты. Тәуелсіздікті баянды ету үшін білім мен бірлік керек» - дейді, қоғам қайраткерлері.
Жарыста облыс көлемінен жүзден аса мектеп оқушылары доп теуіп, ала доп бәсекесінде сайысқа түсті.
Жарыстың жүлдегерлеріне аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің дипломдары демеушілердің кубогтары мен медальдары табысталды.
Қармақшы ауданы әкімінің баспасөз қызметі