Оралда «Алтын домбыра» республикалық ақындар айтысы өтеді

  16-17 желтоқсан күндері Оралда «Тұғыры биік Тәуелсіздік!» атты VIII «Алтын домбыра» республикалық ақындар айтысы өтеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Айтулы дода ҚР Мәдениет және спорт министрлігі мен БҚО әкімдігінің ұйымдастыруымен, «Nur Otan» партиясының қолдауымен Ақ Жайық өңірінде тұңғыш рет өткелі отыр.
 Белгілі ақын, халықаралық айтыс ақындары мен жыршы-термешілер одағының басқарма төрағасы Жүрсін Ерман жүргізетін сайысқа Нұр-Сұлтан қаласынан Жандарбек Бұлғақов, Бекзат Асқаров, Әсем Ережеқызы, Аруна Керімбек, Алматыдан Рүстем Қайыртай, Шұғайып Сезімхан, Хазірет Бердіхан, Қанат Мырзахан түспекші.
Қызылордадан осыған дейін «Алтын домбыра» айтысының екі мәрте жеңімпазы атанған Мұхтар Ниязов келді. Батыс Қазақстаннан «Алтын домбыраны» өткен жылы ұтып алған Жансая Мусина, сондай-ақ Талғат Мықи, Бауыржан Ширмединұлы қатысады. Айбек Қалиев Қостанай, Аспанбек Шұғатаев Павлодар, Шалқарбай Ізбасаров Атырау, Дидар Қамиев пен Өміржан Көпбосынов Қарағанды, Серік Құсанбаев пен Жұлдызай Маратбекқызы Шығыс Қазақстан, Біржан Байтуов Түркістан облысының намысын қорғайды.
«Алтын домбыра» айтысы алдында «Ақжайық» шипажайында 14-15 желтоқсан күндері тимбилдинг іс-шарасы өткізілді. Шара аясында ақындар мен қазылар алқасының мүшелері, келген қонақтар түрлі спорттық-мәдени шараларға қатысты.
«Қазақ айтысының өткені мен бүгіні хақында» тақырыбында өзара пікір алмасты. Онда қазақтың осынау төл өнерін өрге сүйреп келе жатқан Жүрсін Ерман, айтыс ардагерлері Әлфия Орманшина, Құдайберлі Мырзабек, Қуаныш Мақсұтов, Серік Құсанбаев және басқалар өз ойларын ортаға салды.
Айтысты одан әрі дамыту бағытында ұсыныстар айтылды. Айтыс қонақтары сондай-ақ Орал қаласының көрнекті орындарын да аралады.


ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 15 желтоксан 2019 г. 722 0