Бибігүл Төлегенованың шәкірті ұстазының құрметіне кеш өткізді

Атырауда ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, Дина Нұрпейісова атындағы академиялық халық аспаптар оркестрінің әншісі Маржан Төреханованың шығармашылық кеші болды.  Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлады.

Романстарды шебер орындаушы, бірегей дауыс иесі Маржан Төреханова шығармашылық кешін Қазақстанның халық әртісі, сахна ханшайымы Бибігүл Төлегенованың 90 жылдығына арнады.

Классикалық музыка кешіне Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев, зиялы қауым өкілдері мен әлемдік опера классикасы туындылары мен халық әндерін сүйіп тыңдаушылар келді.

Құрманғазы атындағы мәдениет сарайының сахнасында итальяндық композитор Джоаккино Россини мен алғашқы қазақ операсының авторы Евгений Брусиловскийдің шығармалары, қазақ, орыс халық әндері, Вена опереттасының композиторы Франц Легардың шығармалары орындалды. Қазақтың ұлы әншісі Бибігүл Төлегенова шараға қатыса алмағанымен атыраулықтарға арнайы бейнежолдау арқылы тілегін жеткізді.

"Мұндай кәсіби әнші Атырауда ғана емес, батыс өңірінде жоқ. Бұл сөзді шәкіртім болғандықтан айтып отырған жоқпын, шыны сол. Оның дауысына көптеген елдердің сахнасында қошемет көрсетілді. Менен кейін «Бұлбұл» әнін шебер орындады. Бұл оған табиғат берген үлкен талант. Бүгінде шәкірттері ізін жалғап, музыкалық консерваторияда білім алып, елге танылып жүр",- деді Бибігүл Төлегенова.

Маржан Төреханованың шығармашылық кешін ұйымдастырушыларға облыс әкімі алғыс айтты.

- Бізге осындай керемет кеш сыйлағандарға ризашылығымызды білдіреміз. Академиялық халық аспаптары оркестріне, дирижерлер мен жетекшілеріне. Көрермен ғажайып әсер алды деген ойдамын. Бибігүл Төлегенованың шәкірттері еліміздің түкпір-түкпірінде бар. Бұл үлкен еңбек. Маржанға табыс, талантты да талапты шәкірттер тілеймін, - деп атап өтті Нұрлан Ноғаев.




ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 15 желтоксан 2019 г. 481 0