Байқоңырдағы жердің біраз бөлігі кері қайтарылады

12 желтоқсанда Қазақстан сенаты Ресей жалға алған Байқоңырдағы 11,6 мың гектар жерді кері қайтаратын заң жобасын қабылдады. Құжатқа сәйкес, Қазақстан мен Ресей арасында 1994 жылы 10 желтоқсанда қол қойған Байқоңыр кешенін жалға алу туралы келісімге өзгеріс енгізіледі.

Заң жобасы барлық деңгейде талқыланған, енді Қазақстан президентіне қол қоюға жіберіледі.

Ауыл шаруашылығы министрінің бірінші орынбасары Айдарбек Сапаровтың айтуынша, төрт жер телімі "арендадан" шығарылмақ. Оның айтуынша, 1700 гектардан астам екі жер аумағы Қармақшы ауданы Төретам ауылын кеңейту үшін пайдаланылады. 10 мың гектарға жуық жер "Батыс Еуропа - Батыс Қытай" халықаралық дәлізі (4830 шақырым) мен Алматы - Мәскеу темір жолы және "Бейнеу - Шымкент" (5120 шақырым) газ құбыры жобасы үшін пайдаланылмақ.

Айдарбек Сапаровтың сөзіне қарағанда, Ресейге жалпы 650 мың гектар жер жалға берілген. 12 мың гектар жер жалдан шығарылса да, жалға алу құны - 118 миллион доллар өзгермейді.

Ресей Қазақстанға тиесілі Байқоңырды 1994 жылдан бастап, 2050 жылға дейін жалға алған. Байқоңыр қаласында 77 мыңнан астам адам тұрады. Жергілікті БАҚ-тың жазуынша, 60 пайызы - Қазақстан азаматы, шамамен 37 пайызы - Ресей азаматы. Байқоңыр қаласы басшысы Ресей және Қазақстан президенттерінің жарлығымен тағайындалады.

Abai.kz

ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 13 желтоксан 2019 г. 554 0