Қазалыда мәуліт мерекесіне орай жыршы-термешілер фестивалі өтті

Қазалының Ү.Түктібаев ауылындағы «Қожа Орынбет Ишан» мешітінің ұйымдастыруымен «Мәуліт – мереке, өсиет-өнеге» атты аудандық жыршы-термешілер фестивалі өтті. Қасиетті Мәуліт мерекесіне орай ұйымдастырылған бұл шараға Қазалы ауданының өнерпаздарымен қатар, көршілес Қармақшы ауданынан да жыршы-термешілер қатысты.

Халықты имандылыққа шақыратын шарада аудан әкімі Мұрат Ергешбаев сөз сөйледі.

– Бүгін қасиетті мерекеге орай аудандық жыршы-термешілердің фестивалі ұйымдастырылып отыр. Жыршы-термешілер қазақ ауыз әдебиетінің озық үлгілерін халық арасында белсене насихаттап жүрген өнерпаздар. Осындай өнегелі жандардың өнерін өскелең ұрпаққа дәріптеп, насихаттау – біздің парызымыз. Бұл бір жағынан, асылды ардақтаудың, жыршы-термешілерді бағалаудың үлгісі, ұрпақтар сабақтастығының жарқын көрінісі болатындығына сөз жоқ.Сондықтан бүгінгі шарада өнер көрсеткен өзіндік мақамы бар жыршы-термешілерге алғыс айтамыз. Өнер жолындағы алар асуларыңыз асқақтап, халықтың көзайымына айнала беріңіздер! – деген Мұрат Нәлқожаұлы қармақшылық Руслан Өтегеновке арнайы дипломды тапсырды.

Сондай-ақ, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Оразғали Бекбанов та сөз сөйлеп, бұл шараның мән-маңызына тоқталды.

Сахна төріне көтерілген «таңға салса, кешке озған» дүлділдерЖәнібек Құтмаханов, Гүлбану Досанова, Жанболат Өмірзақ, Едіге Айдаров, Базарбай Нұрым, Сәкен Боранқұлов, Ақан Ербозов, Олжабай Балмағамбетов, Руслан Өтегеновжоғары деңгейде өнер көрсетті. Олар көнеден келе жатқан, имандылыққа, бірлікке, елдікке шақыратын жыр-термелерді орындады.

Байқау соңында аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Әліби Әбиев, аудандық «Жанқожа батыр» мешітінің найб имамы Бақтияр Саламатов, «Қожа Орынбет Ишан» мешітінің бас имамы Ғабдолла қажы Инаятуллаұлы қатысушылардың барлығына да диплом мен ақшалай сыйлық табыс етті. Сондай-ақ, шараны өз деңгейіне өтуіне атсалысқан Майдакөл ауылдық клубының директоры, ақын Ермекбай Ағыраев та диплом және ақшалай сыйлықпен марапатталды.

Қазалы ауданы әкімінің баспасөз қызметі

ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 10 желтоксан 2019 г. 504 0