Қызылордада 22 жыл бойы қаңырап тұрған құрылыс қайта жанданды, деп хабарлайды 24.kz.
Кеңес үкіметі ыдырар тұста іргесі қаланып, бірақ аяқталмай қалған 5 қабатты үйден Белкөл кентінің тұрғындары зардапты аз шеккен жоқ. Енді бұл нысан жыл соңына дейін жаңа келбетке ие болып, 36 отбасының игілігіне беріледі.
Белкөл кентінің бұрынғы атауы – Он екінші бекет. Елдімекен тарихы теміржолмен тығыз байланысты. Ширек ғасыр бұрын шойын жол жұмысшыларына арнап ондаған көпқабатты тұрғын үй салу жоспарланған да еді.
Қаңырап тұрған ғимарат кезінде Белкөл кенті аумағында орналасуы тиіс үлкен мөлтек ауданға жылу электр қуатын беретін орталық ретінде салынуы керек еді. Алайда Кеңес үкіметі ыдыраған сәтте бұл алып құрылыс та тоқтады.
Белкөл кентінің әкімі Ақылбек Арыстанов: "Алғашқы жоспар бойынша аталған аймақта көпқабатты үйлерден тұратын шағын аудан соғылуы керек еді. Сол кездегі қаржылық қиындықтарға байланысты құрылыс тоқтап қалған", - дейді.
Осындай аяқсыз қалған нысанның бірі – кент ортасында орын тепкен көпқабатты тұрғын үй. Қаңтарылған ғимараттан талай ойын баласы құлап, майып болған. Тіптен күл-қоқыс пен бұзақылардың ордасына айналып кеткен.
Белкөл кентінің тұрғыны Орақбай Игісінов: "Зардап шегіп, мүгедек болып қалған балалар бар. Мектепте оқитын 2 бала қолын сындырып, бірінің басына кірпіш түсіп кеткен. Ондай жағдайлар бірнеше мәрте болған", - деді.
Жиырма екі жылға тоқтап қалған құрылысқа тек биыл ғана жан бітті. Сүреңсіз нысанның іші-сырты әрленген сайын жаңа кейіпке еніп келеді.
Құрылыс компаниясының өкілі Айбек Әйтімов: "Бәрін қалпына келтіріп, жобасын қайта жасадық. Тексерістен өткіздік. Халыққа әлі 50 жыл қызмет жасайды", - деп отыр.
Жыл соңына дейін бұл нысан 36 отбасына баспана ретінде берілмек.