« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Ақын Шаһизада Әбдікәрімов жақында Түркияның Едірне қаласында өткен түркі дүниесі ақындарының ХІІІ фестивалінде Ахмет Нишат атындағы әдеби сыйлыққа ие болып, Орта Азия шайырлары арасындағы алғашқы лауреат атанды. Қазір оның кітаптары түрік, қытай, моңғол және құмық тілдеріне аударылуда.
Жосалының жазығынан мәңгі қоныс тапқан Қорқыт бабамыздың қобызынан Ұлы Дала сазы дамылсыз есіп тұрады. Содан болса керек, жүз шайыр шыққан киелі мекенде жауһар жырдың керуен көші күні бүгінге дейін тіні үзілмей, жалғасып келеді. Иә, поэзия атты патшалықтың маңайында жүргендер мыңдап саналғанымен, төріне оза алатындар некен-саяқ. Қарапайым өмірдің қалыбына сыймай, көңіл қалауын қиядан табатын, талғамы бөлек, тарлан ақын Шаһизада Әбдікәрімов ағамыз осынау патшалықтың төріне озған талант иесі. Оның арғы-бергі тарихымыздан сыр толғаған туындыларынан адами танымның асқақ көрінісі айқын аңғарылып тұрады. Пенделік парқынан, тайталас тірліктің талас-тартысынан тым биікте тұратын азаматтық болмысы жасын жырларынан жарқырай көрінеді.
Әдетте ақындар табиғаттан, тіршіліктен, тіпті барлық жанды-жансыз жаратылыстан сұлулық іздеп сабылатыны белгілі. Ал Шаһизада ақынның туындыларында көбіне өмірдің көлеңкелі тұстары бедерленіп, ақ пен қараның ара жігі ашылып, ақиқат туы аспандайды. Ақын «Өзім туралы» деген өлеңінің бір шумағында былай дейді:
Таланты тасты жарған
талай дара,
Қарайды қарсы
алдымнан арайлана.
Өмірде – ақындардың бәрі
туыс,
Өлеңде – бақталасым
Абай ғана!
Қалың елі – қазағына сан ғасырлық сарқылмайтын қазына қалдырған хакім Абаймен бақталастық – ақынның шығармашылық мұратының шырқау шыңы деп бағаласақ, қателеспейтін шығармыз?
Шаһизада Әбдікәрімов 1956 жылы Қармақшы ауданы бұрынғы «Жаңажол», қазіргі Дүр Оңғар ауылында дүниеге келген. Жастайынан жырға құмар бозбаланы жусаны жұпар аңқыған жазира даланың таңғажайып құбылыстары талай-талай толғандыратын. Көктемнің күркірей жауған көл-көсір жауыны, кенеттен жарқ етіп, көк аспанды тіліп түскен найзағай, бәрі-бәрі кеудесін аласапыран күйге бөлеп, жан дүниесін жұмбақ бір әлемге жетелейтін. Бұл жұмбақ әлем адалдықтың, адамдықтың, ақыл-ой азаттығының әлемі – ақындық әлемі еді...
Қабырғасы қатайғаннан қалам құдіретіне жүгініп, қасиетін таныған жас жігіт ҚазМҰУдың журналистика факультетіне оқуға түседі. Арман қала Алматының айқара ашқан құшағына сыймай, шабыты шалқып тасып, сол кезеңнің жырға құмар жастарының жадын жаулап алған сал-сері ағамыз жайлы Бауыржан Омаровтың «Гладиатор» атты портрет-эссесінде былай дейді:
«Алматыға арман қуып біз келгенде, ол бұл қалада жоқ екен. Оқуын орта жолдан үзіп, елге кетіп қалыпты. Сонау Сыр өңірінде тұла бойын жыр буып, сенделіп жүрген көрінеді. Бірақ әйгілі шаһардың қай жерінде де шайырдың ізі сайрап жатыр. Күллі журфак соның өлеңін оқиды. Оның қалай жатқа оқитынын, жатақханада қалай сайран салатынын ауыздарының суы құрып, аңыз ғып айтады».
Иә, елге келіп, еңбек жолын Қармақшы аудандық «Коммунизм шамшырағы» газетінде әдеби қызметкер болып бастаған Шаһизада ағамыз бертін келе Байқоңыр қалалық телекомпаниясының төрағасы, республикалық «Қазақстан-1» телеарнасының Қызылорда облысы және «Байқоңыр» ғарыш кешеніндегі меншікті тілшісі, Қызылорда арнайы экономикалық аймағы теледидарының төрағасы қызметтерін атқарды. Қазіргі таңда ол Қызылорда қоғамдық телерадиокомпаниясының құрылтайшысы. Облыстық мәслихаттың депутаты.
Ақын ағамыз қандай бір қызметті атқарса да, ел алдында еңсесі биік болды. Өңіріміздегі өзекті мәселелердің өз деңгейінде шешілуіне білек сыбана кірісіп, азаматтық жауапкершілігін аса жоғары бағалайды. Арнасынан асып-төгілген шалқар шабытын ақылмен басқарып, алай-түлей сезімінде ақиқаттың салмағы басым тұрады. Соңғы үш-төрт жылдың көлемінде облыста «Парасатты поэзия» фестивалі тұрақты түрде өткізіліп келеді. Күллі түркі жұрты ақындарының басын қосатын айтулы шараның идеясын сол кездегі облыс әкімі Қ.Көшербаевтың назарына ұсынған да Шаһизада ағамыз болатын. Бүгінде осы фестиваль аясында Сыр ақындарының шығармалары түркі жұртына таныла бастады.
Жылдарым-ай...
Заманамен үндескен!
Аллаңызбен анадайдан
тілдескен.
Айдаһардың арқасына
мызғып ап,
Жолбарыстың жотасына
мінгескен!
Өр тұлғалы ақын сонау өткен жылдардың еншісінде қалған өрекпіген асау көңілін, жастық жалынын аңсайды. Айбынды болмысын аңғартып, мықтылығын мойындатады.
Ақынның алғашқы өлеңдер топтамасы 1975 жылы жас ақындардың «Көктем тынысы» кітабына енген болса, 1983 жылы «Қарлығаш» жинағында жарық көрген. Одан бері «Байқоңыр», «Төрткүл», «Алтын қазық», «Тәржімә», «Сүлейдария» атты жыр жинақтары жарыққа шықты. Сондай-ақ, қырғыз ақыны Акбар Рысқұловтың өлеңдерін қазақ тіліне аударды. Ал 2001 жылы ақынның «Байқоңыр», «Көк астындағы қағанат», 2018 жылы «Сырдария» өлеңдер жинағы қырғыз тілінде, 2019 жылы «Ақмешіттің аспаны» татар тілінде жарық көрді.
Бір кездері:
Толқынға кілем жайдырып,
Табыстым жұмбақ үр қызбен.
Айдарыма аппақ айды іліп,
Шашымды жуды ол жұлдызбен.
Бұлқынған бір күш денемде,
Сыймадым сәтте қанама.
Батқым да келіп тереңге,
Қайтқым да келіп жағаға,–деп астаң-кестең сезімнің сиқырына арбалған ақын алай-түлей көңілін аңдатады. Өмірінің өзегіне айналған жыр теңізінің тереңіне бойлаған ақын бүгінде сол тереңнен тапқан олжасын жағаға жайып салар жасқа жетті. Алпыс құлан қайырып, асауды тізгіндеді. Арда өнердің арқасында атақ-абыройдан кенде емес. Қалың бұқарадан алған құрметі бойына құт. Абай нұсқаған жолмен алшаң басып барады.
Ғазиза ӘБІЛДА.
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |