Қызылордада мұнай құбырлары мен терминалдар орналасқан аумақтарды әуеден бақылап, аралап ұшуға қаржы бөлінді. Бұл туралы Қызылорда облысының прокуроры Сапарбек Нұрпейісов мәлімдеді, деп хабарлайды BNews.kz.
«Біздің ұсынуымызбен жергілікті бюджеттен 24 млн теңге бөлініп отыр, енді осы қаражатқа біз мұнай құбырлары орналасқан аумақты әуеден бақылайтын боламыз. Тікұшақтан құбыр маңында жүргендер бірден байқалады», - деді ол.
Облыс прокурорының айтуынша, мұнайдың жаппай ұрлығына осындай үйлестіру және өзге де шаралар арқылы тосқауыл қойылмақ.
«Біз тіпті мұнай саласында қылмыс картасын да жасадық. Онда барлық мұнай құбырлары мен терминалдар, сондай-ақ мұнай ұрлығы жиі болған орындар көрсетілген», - деп толықтырды ол.