« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Тұңғыш Президент күні қарсаңында «Батыс Тұзкөл» кен орнындағы газтурбиналық электр станциясы іске қосылды. Жыл сайын облыста мұнай өндіру көлемі кеміп бара жатқаны құпия емес. Осыған орай мұнай-газ саласындағы мердігерлік жұмыстар көлемі азая түсуде. Соған қарамастан бізде жаңа кен орындары пайдалануға беріліп келеді.
Осыдан тоғыз жылдай бұрын Сұлутөбе теміржол станциясының солтүстігінен 94 шақырым қашықтықтағы Тұзкөл шатқалында "Батыс Тұзкөл" деп аталатын мұнай кен орны ашылған болатын. Ол Арал-Торғай мұнай-газ кен орындарына кіретін Солтүстік Торғай мұнай кенішіндегі Арысқұм иінінде орналасқан. Мұндағы мұнай қоры 1,1 млн тонна деп есептелсе де, бұл көлемнен екі есе артық өндіріліп отыр және ол процесс жалғасуда.
"Батыс Тұзкөл кен орнындағы мұнай жинау пунктінде (ПСН) топтық қондырғыны (ГУ) кеңейтудің екінші кезегін сынамалы түрде пайдалану" жобасын жүзеге асырумен "Транс Азия Констракшн" ЖШС айналысты.
Бір назар аударатыны, Қазақстанда ХХІ ғасырда жүргізілген ірі мұнай және газ құбырлары құрылысының басым бөлігіне «Транс Азия Констракшн ЖШС атсалысқан. Бұл компания біздің облыстағы барлық мұнай кеніштеріндегі жұмыстардан да тыс қалған жоқ. Басқа компаниялардан жоғары техникалық жарақтандырылуымен ерекшеленеді.
Былтырдан бері компания мамандары «ТұзкөлМұнайГаз Оперейтинг» серіктестігінің тапсырысы бойынша «Батыс Тұзкөл кен орнындағы электростанция» жобасын жүзеге асыруға кіріскен болатын. Аталған нысан жақында пайдалануға берілді.
– Біз қуаттылығы 16,5 МВт газтурбиналық электростанциясын салдық, – дейді учаске бастығы Ермек Нұржанов. – Ұңғымалардағы электр қозғалтқыштарына, насос станцияларына, электржылытқыштарға және кеніштегі басқа да тұтынушыларға жүргізілетін жоғары кернеулі электр желілерін тарттық.
Жаңа электр станциясының ашылу салтанатына облыс әкімі Қуанышбек Ысқақов, «ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз» АҚ басқарма төрағасы Чжао Сяомин және «SSM-Ойл» ЖШС сыртқы экономикалық байланыстар жөніндегі директоры Серік Қонақбаев қатысты. Шарада арнайы сөз сөйлеген аймақ басшысы жерасты байлығының облыс экономикасына үлкен үлес қосып отырғанын айтты.
– Елімізде мұнайдың өндіріле бастағанына ғасырдан астам уақыт болды. Ал «қара алтынды» өндіру, игеру Сыр өңірінде қолға алынғанына ширек ғасырдан асты. Осы мерзім ішінде аймақта мұнай өңдеумен 10-нан аса шетелдік компания айналысып келеді. Бұл мыңдаған жергілікті тұрғынға жұмыс көзі болып отыр. Мұның сыртында қаншама сервистік компаниялар оларға қызмет көрсетеді. Сондай-ақ, мұнай өндірісі облыс тайқазанына түсетін салық көлемінің артуына да үлесін тигізді. Осылайша «қара алтыннан» түсетін қаржы есебінен аймақтың әлеуметтік-экономикалық әлеуеті артып, бір ғана Қызылорда қаласы соңғы жылдары айтарлықтай көркейіп өзгерді. Компаниялардың әлеуметтік жауапкершілігі негізінде атқарылып жатқан істер мақтауға тұрарлық, – деді аймақ басшысы.
Айта кетсек, жаңа электр станцияның ашылу салтанатында облыс басшысы барша сала мамандарын жаңа жобаның жүзеге асырылуымен құттықтап, Алғыс хатпен марапаттады. Кен орнындағы жұмысшылардың жағдайымен танысып, жатын орын, асхана, өрт сөндіру депосын аралап көріп шықты.
Құрылыста барлығы 60 адам жұмыс істеп, бір жылға жетер-жетпес уақытта нысанды тапсырып отыр. Бас мердігер «Транс Азия Констракшн» ЖШС жұмысты сапалы және уақытылы орындайтынына барлығы үйреніп қалған. Жалпы құны 9 млрд теңгеден асатын электр станциясының қуаты 16,5 МВт-қа тең. Ол арқылы мұнай кеніштеріндегі экологиялық қауіпсіздік мәселесі оң шешімін табады. Осыған дейін ілеспе газ ауада жанып кетсе, аталған станция газды кәдеге жаратып, электр энергиясы өндіріледі.
– Маған бұл компанияда жұмыс істеу ұнайды, – дейді алтыншы разрядты дәнекерлеуші Бақытбек Жанәлиев, – Бізге жұмысқа қолайлы жағдай жасалған, жалақымыз да ойдағыдай. Әрине, мұндай жобаларды іске асыру барысында жауапкершілігің артады, шеберлігіңді жетілдіресің. Менің жұмыс өтілім он төрт жыл және ондаған нысан құрылысына атсалыстым. Жастардың қазіргі кезде жұмысшы мамандықтарына оқуға бара бермейтіні өкінішті. Экономист немесе заңгерлікке түсе алмай қалған жағдайда ғана барады.
Жаңа электр станция Батыс «Тұзкөл» мен «Кетеқазған» кеніштеріндегі барлық нысандарды, вахталық қалашық, ұңғымалар мен мұнай дайындау құрылғыларын және насостық станцияларды электр қуатымен қамтамасыз етеді. Сондай-ақ, жыл бойы үздіксіз жұмыс істейтін станция соңғы үлгідегі технологиялық аппараттармен жабдықталып, коммуникация тораптарының қауіпсіздігіне кепіл бола алады.
– Бұл электр станция біздің жұмысымызға жаңа мүмкіндік ашып отыр. Біріншіден, осы «Батыс Тұзкөлдің» айналасындығы барлық мұнай өңдеу қондырғыларын электрмен жабдықтауда үлесі зор. Одан соң, дизель отынына қарағанда арзан. Компанияға салмақ түсірмейді. Біздегі әр ұңғыма төңірегінде дизельді электр станция болды. Олардың бәрінен құтыламыз. Ал оған жұмсалған қаржының бәрін мекеменің қажеттіліктеріне, жұмысшылардың әлеуметтік жағдайын көтеруге бағыттаймыз, – дейді «Петро Қазақстан Құмкөл Ресорсиз» вице-президенті Болат Көшербаев.
Жаңа станцияда өндірілетін қуат көлемінің барлығы компания қажеттілігіне жұмсалады. Мұнай ұңғымаларын электр тоғымен толық қамтамасыз ету арқасында «қара алтынмен» қатар ілеспе газды өңдеу көлемі де арта түспек.
– Газтурбиналық қондырғының іске қосылуы біздің компанияны жоғары өнімділікке жеткізіп, дамуына үлкен серпін береді деген сенімдемін. Біз алдағы уақытта көмірсутек шикізатын шетелге экспорттауға лицензия алуды жоспарлап отырмыз, – дейді «SSM-OIL» ЖШС экономикалық байланыстар жөніндегі директоры Серік Қонақбаев.
Айта кету керек, бұрынғы дизельді электр станция қосымша пайдаға жарай береді. Ал жаңа станция үш газ турбина арқылы электр қуатын өндіруді бастап кетті.
Ержан ҚОЖАСОВ.
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |