«Атыңнан айналайын, атамекен»

Аймақтың ақпарат айдынында көш бастап келе жатқан «Сыр бойы» және «Кызылординские вести» басылымдарының мерейтойы аясында «Атыңнан айналайын, атамекен» атты облыстық жыр мүшәйрасы өтті. Алдын ала хабарланған жыр байқауына 30-ға жуық өлең түскен болатын. Соның ішінен 8 үміткер іріктеліп, қорытынды байқауда бақ сынады. 

Сыр өңірінің тарихы мен «Сыр бойы» басылымының ше­жірелі ғұмырын жырға ар­қау еткен жас ақындардың туын­дылары төрт аяғын тең бас­қан өміршең өлеңдер десек, қате­леспейміз. Талай жыр дода­ла­рында жеңімпаз атанып жүр­ген Ержеңіс Әбді, Ұлықбек Бек­ұзақұлы, Ғабит Кәдірбай, Елжас Әбділда, Жасұлан Серік, Айдар Сайлауов сияқты талантты жастардың қатарына осы кеште Ерсін Шамшадин, Ақсұңқар Әлмахан секілді жаңа есімдер қосылып, көрермен көңілін елең еткізді.

Жыр мүшәйраның қоры­тындысымен, І орынды Қорқыт ата атындағы ҚМУ-дың сту­денті Айдар Сайлауов, ІІ орын­ды айтыскер ақын, №3 ІТ мектеп-лицейінің мұғалімі Ер­жеңіс Әбді, ІІІ орынды ақын,  Текей батыр атындағы кол­ледж оқытушысы Ғабит Кә­дір­бай иеленді. Же­ңімпаздар 50-150 мың теңге ара­лығында сыйлықтар иеленді. Ынталандыру сыйлығына ие бол­­ғандар да дипломдармен, қаржылай сыйлықтармен мара­­патталды. Марапаттарды «Сыр медиа» се­рік­тестігінің бас директоры А.Оңғарбаев, «Сыр бойы» және «Кызылордин­с­кие вести» газеттерінің бас редак­торлары Қ.Шарабидинов, Қ.Ботаев табыстады. Айта ке­тейік, мүшәйраға «Қызылорда қаламгерлер қау­ым­дастығы» қар­жылай де­меу­­шілік жасады. Сондай-ақ, қа­лалық мәдениет үйінің көр­кем­өнерпаздары ән-жырмен әр­леді.

Жыр байқауына Қазақстан Жазушылар одағының мүшелері Т.Абылаев, М.Нұрханов, Ғ.Әбіл­­да қазылық етті.

                                                                                                   

Ғ.Қозыбекқызы.

ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 30 қараша 2019 г. 572 0