Алматыда Қазақстан баспасөз клубы ұйымдастырған кезекті Media құрылтай өтті. Конференциядағы панельдік сессияның бірі қазіргі медиадағы қазақ тіліне арналды. Жиынға қатысушы мамандар баспасөздегі шұбалаңқы қазақ тілі қайдан басталды, оның себебі мен салдары қандай деген сұрақтарға жауап іздеп, пікірлерін айтты.
Журналист Сәкен Сыбанбай журналистер үшін басты нәрсе оның тілі екенін айтты.
"Журналист ақпарат тасқыны кезінде сан мыңдаған деректің ішінен ең керегін таба білетін тапқыр, қажет мәліметті дер кезінде оқырманға жеткізе алатын алғыр болуы керек. Оның барлығына келісеміз, бірақ журналист үшін ең басты нәрсе – оның тілі. Ол егер дұрыстап мақала жаза алмаса, дұрыс мәтін құрастыра алмаса, дұрыстап сөз саптай алмаса, жаңағы қасиеттерінің құны – көк тиын", - дейді ол.
Журналист қазіргі қазақ медиасында жиі кездесетін қателерді де тізіп берді. Оның ойынша, қателерге қарап қазақ баспасөзі орыс тілінің ықпалына ұшыраған. Қате: Қайда бармасын, қайда жүрмесін... Дұрысы: Қайда барса да, қайда жүрсе де. Қате: Жасайтын боламыз. Дұрысы: Жасаймыз. Қате: Ең көп игермеу келесілердің еншісінде. Дұрысы: Қаржыны ең көп игермеген министрліктер мыналар. Қате: Түрік кинолары тегін көрсетіледі. Дұрысы: Түрік фильмдері тегін көрсетіледі. Қате: Жарты арал. Дұрысы: Түбек. Қате: Егін жинау кампаниясы. Дұрысы: Егін жинау науқаны. Қате: Севиль шаштаразы. Дұрысы: Севилья шаштаразы. Қате: Астын сызған – біз. Дұрысы: Ерекшелеген – біз. Қате: Істеуі тиіс. Дұрысы: Істеуге тиіс. "Бұл қателердің түрлі себебі болса да, оны жазатын журналистердің өзі кінәлі, ал оны үстінен қарап, материалды оқып, сайтқа, газетке немесе басқа ақпарат көзіне жариялайтын – редактор. Сондықтан бас редакторлар осы сұмдықтың бәрін тоқтатуға, мойнына жауапкершілік алуға, сауатты журналистер тәрбиелеп, мектеп қалыптастыруға тиіс", - дейді журналист. Журналист Асылхан Мамашұлы бұл салаға дайын болып келу керек дейді. "Үлкен басылымдар жиналып алып, жіктік жалғау мен көптік жалғауды қалай жалғаймыз деп талқылап отырғанымыз қазіргі баспасөз тілінің қандай жағдайда екенін көрсетеді. Жаңа Сәкен Сыбанбай айтқан қателер – мектепте оқытылатын нәрселер. Журналистер мұны мектепте оқып, дайын күйінде келуі керек", - деді ол. Журналист қазіргі баспасөздегі "қызметтік жалғандық жасау", "қаржылық бұзушылықтар", "ұрлыққа қатысты әрекеттер", "күдіктелуде", "бірыңғай азаматтарды қабылдау күні" деген сияқты қателерді сынады.
"Қазір 30 минуттың ішінде 30 қате тауып бере алам. Мұны түзеу түк те қиын емес, тек кішкене ерік-жігер керек", - дейді Асылхан Мамашұлы.
Саясаттанушы Айдос Сарым да қазақ тілі орыс тілінің заңдылығына сүйеніп кеткенін айтты. "Біздің географиялық отанымыз Қазақстан болса, рухани отанымыз – қазақ тілі. Сондықтан тілге күле қарап, оның мәселесін майда-шүйде деп есептеу – қылмысқа пара-пар нәрсе. Шындықты айту керек, бүгінгі қазақ тілі қазақ тілі емес, бүгінгі қазақ тілі – орыс-қазақ тілі. Себебі біз орыс тілінің заңдылығына сүйеніп кеттік.
Қазір мектепте 40 минутты қазақша өткізсе, одан шығып орысша сөйлейді. Неге? Өйткені бізді қызықтыратын нәрсе тілде жоқ. Вигенштейннің жақсы сөзі бар: "Менің тілімде жоқ нәрсе менің өмірімде жоқ". Тілдің шұбарлығы ойдың шұбарлығына апара жатыр. Ал бұл тілдің жойылуына, құдіретінен айырылуына себеп болады. Менің ойымша әр қазақ, әсіресе редакциялар граммар-наци болуы тиіс. Егер тілді құрметтемесек, рухани отанымыздан айырылып қаламыз", - деді Айдос Сарым.
Қоғам орысша контент тұтынғандықтан ой жүйесі орысшаланып кеткен дейді журналист Шыңғыс Мұқан.
"Қазір аудитория үлкейіп келеді, бірақ біз түрлі тақырыптағы мазмұнды ақпарат беріп, қажетін өтей алмай келеміз. Адам көп, тамақ аз сияқты нәрсе бұл. Қазір инстаграмдағы жұлдыздардың аудиториясы үлкен. Оқырман "Егемен Қазақстанды" емес, сол жұлдыздарды оқиды, солардың қате-қате жазбаларын стандарт ретінде қабылдайды. Одан қалды орысша оқиды, орысша кино көреді. Кейін оны қазақша қалай түсіндіреді? Себебі оның ой жүйесі орысшаланып кеткен, орыс тілінің заңдылығымен сөз жасайды."
Журналист Айнаш Есалы әр редакцияның өз қазақ тілі бар дегенді қолдады. "Расымен қазір әр редакция сөзді қалағанынша аударып алады. Бұл журналистикадағы мектептің бұзылғанын, тәжірибелі редакторлардың ақпарат айдынынан кеткенін көрсетеді", - деді ол. Философия ғылымының кандидаты, профессор Қанағат Жүкешев бұл проблеманы шешу үшін тілді жүйелеп, стандарттау керек екенін айтты.
"Қазір қазақ тілінде қажетсіз полисемантизация баршылық. Яғни сөздердің мағынасы дұрыс қолданылмай келеді. Мысалы қазір қалыптасып кеткен тіркес – "футболдан әлем чемпионаты". "Әлем" деген – тұтас материя, ғарыш. Оның орнына "дүние жүзі" деген сөзді қолдануымыз керек. Себебі дүние жүзі – жер шары. Мектепте дүние жүзі тарихы немесе дүниежүзілік соғыс деп үйретеді емес пе? Осындай қатеге ұрынбау үшін тілді стандарттау керек", - дейді философ.