Қызылордада қаңғыбастар жертөлелерді паналап жүр

Қаңғыбас адамдар Қызылорда қаласындағы көпқабатты пәтерлердің жертөлесін жаппай паналауда. Қыс мезгілінің келуіне байланысты үйсіздер жылы жер іздеп, есігі ашық жертөлелерге кіріп алады екен. Алайда шақырылмаған көршілерге үй тұрғындары риза емес көрінеді. Айтуларынша, көше қанғыбастары тазалық мәселесін тудырып қана қоймай, түннің ортасында шу шығарып, кетіп бара жатқан адамдарға тиісе жөнеледі. Тіпті, жертөлелерде олардың өлі денесі табылған кездер де болыпты, - деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Астана арнасына сілтеме жасап.
Күн суытқан соң панасыз адамдар жаппай көпқабатты үйлердің жертөлелеріне көше бастайтын көрінеді. Мұнымен қоймай, олар сол үй тұрғындарының мазасын алады.
“Өткен жылы олардың екеуі жертөледе жатып өлген. Мәйіттерін біздің үйдің балалары тауып алған. Неткен сұмдық!”, – дейді қала тұрғыны Гүлфина Бектемірова.
“Үнемі осы мәселеге тап боламыз. Қаңғыбастар жертөледе есірткі шөп шегіп қана қоймай, суды ағызған күйі қалдырып кетеді. Бұған қоса жылу жүйесінің құбырларын ұрлайды”, – дейді қала тұрғыны Гүлсім Тоқбаева.
Пәтердің жертөлелері қыстыгүні қаңғыбастар үшін тұрғын үйге айналады. Ал есіктің құлыптарын олар сындырып тастай салатын көрінеді.
“Біздің қызметкерлер олардың артын үнемі тазалап жүреді. Қаңғыбастар ойларына келгенді істейді. Таң ата салысымен қызметкерлеріміз бірінші кезекте жертөлелерді тексереді. Үйсіз адамдар анықталса, полиция шақыртамыз. Өйткені олардың мас күйінде шабуыл жасаған кездері болды”,  – дейді “Қызылорда тазалығы” ЖШС директорының орынбасары Сапарғали Асылбеков.
Жалпы, қаңғыбастар тудыратын қиыншылық мұнымен бітпейді. Олардың көбі маскүнем әрі ұрлыққа бейім болып келеді. Қалалық полицияның тіркеуінде 100-ден астам қаңғыбас бар. Тәртіп сақшыларының айтуынша, олардың коғамға қаупі жоғары.
“Олар қоғамдық орындарда арақ ішіп, төбелеседі немесе тұрғындардың мазасын алып жатады. Бұл үшін заңда әкімшілік жаза қарастырылған. Бірақ қаңбастар айыппұлға ақшаны қайдан тапсын?!”, – дейді қалалық полиция басқармасы басшысының орынбасары Ердәулет Жаукеев.
Облыс орталығында панасыз адамдарға арналған арнайы мекеме бар. Онда қанғыбастарға жататын жер табысталып, тегін ас та беріледі. Алайда, далада тұрып үйреніп қалған адамдар арақ ішу үшін бұрынғы өмірлеріне оралуға асығады.
“Бірнеше рет маскүнемдікке салындым, тіпті, соның кесірінен өліп қала жаздадым. Бірақ қазір намаз оқимын, арақ ішуді доғардым, дұрыс жолға көштім”, – дейді Сағитжан Құтжанов.
Жыл басталғалы бері үйі жоқ адамдар 300-ден астам ірілі-ұсақты қылмыс жасап үлгерген. Дегенмен, қыстың келуімен олардың жағдайы қиындайды. Ал аязды суық күндері оларға пәтер жертөлелері ғана пана болады. 
ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 27 қараша 2019 г. 442 0