Англиялық "Манчестер Юнайтед" "Астанамен" матч өткізу үшін Нұр-Сұлтанға ұшып келді, - деп хабарлайды Vesti.kz. "МЮ" делегациясына 100-ге жуық адам кірген. Футболшы, бапкерлер мен клуб қызметкерлерінен бөлек, чартер ұшағының бортында БАҚ өкілдері мен жанкүйерлер болды. "МЮ" ұшағы Нұр-Сұлтанға 27 қарашада таңғы 4:20-да қонды. Әуежайда команданы бірнеше фанат күтіп алды, бұл уақытта елордада ауа температурасы -13 градус болған.
Еуропа лигасы топтық кезеңінің бесінші турындағы "Астана" - "Манчестер Юнайтед" матчы 28 қарашада өтеді. Басталуы - Нұр-Сұлтан уақытымен 21:45-те. Бұған дейін "МЮ-дің" астанаға алып келген құрамы белгілі болған. Құрамдағы ең танымал футболшылар - Люк Шоу мен Джесси Лингард, қалғандары резервте жүрген ойыншылар.