Облыстық Қазақстан халқы ассамблеясының қолдауымен «Қазақстан кәрістер қауымдастығы» Қызылорда облыстық қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен кәріс этносының мәдени күні болып өтті.
Достық үйінің фойесінде көрме ұйымдастырылды. Келген қонақтар кәріс этносының асханасынан дәм татты.
Оған облыстық Қазақстан халқы ассамблея құрылымдары, этномәдени бірлестіктің басшылары және белсенді мүшелері, жоғары және орта арнаулы оқу орындарының жастары және БАҚ өкілдері қатысты.
Мәдени күн аясында облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Л.Төрешова бірлік пен ынтымақты ту еткен кәріс этномәдени бірлестігінің бірқатар белсенділерін марапаттап, бірлестік жетекшісі Елена Алексеевнаға аймақ дамуына қосқан үлесі үшін алғысын білдірді. «Сыр өлкесі - атам заманнан сан ұлт өкілі бас қосқан, бақыт тапқан мекен. Бүгінгі күні біздің өңірде 35 өзге этнос өкілдері бар. Әрқайсысы өз салт-дәстүрлерін сақтай отырып, өңірдің дамуына өз үлесін қосып келеді.
Соның ішінде, кәріс халқы 80 жылдан астам осынау қазақ өлкесінде өмір сүруде. Бұл жай ғана оқиғалардың, күндердің тізбегі емес, ол - өзара бірлесіп өткізілген өмір, ортақ тарих.
Кәріс этносының өкілдері әрдайым еңбекқорлығымен ерекшеленді. Бұған тек бір Шиелі ауданында ғана кәріс этносының 29 өкілі Социалистік Еңбек Ері атағына лайық екені дәлел бола алады. Ал "Авангард" колхозынан, бүгінгі күні Ақмая ауылдық округі 16 Социалистік Еңбек Ері шықты. Бұл лайықты таңданыс!
Ұрпақтар сабақтастығын 30 жыл бойы "Қазақстан кәрістер қауымдастығы" Қызылорда филиалының жетекшісі Ким Елена Алексеевна бастаған мүшелері жалғастырып келеді. Құрметті, Елена Алексеевна және орталық белсенділері, сіздерге өңірдегі этносаралық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайтуға, корей этносының мәдениетін, тілін, салт-дәстүрін және тарихын дамытуға және сақтауға қосқан үлестеріңіз үшін зор алғысымды білдіремін»,-деді.
Мәдени күн әдемі әрі әсерлі концертке ұласып, өнерпаздар әртүрлі жанрларда ән, би, қойылым қойды.
Облыстық Қазақстан халқы
ассамблеясының баспасөз қызметі