22 қараша күні Алматы және Солтүстік Қазақстан облыстарында 6 адам, соның ішінде 5 бала ыстан уланды. Бұл туралы ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінен мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Алматы облысының Талғар қаласында екіқабатты көппәтерлі тұрғын үйде көмір жағылатын пешті пайдалану ережелерін сақтамау (мұржасы тазаланбаған) салдарынан 9, 6, 4 және 2 жастағы балалар көмірқышқыл газына уланып, ауруханаға түсті. Олар дәрігерлердің бақылауында.
Ал СҚО Тимирязев ауданының Сулы теміржол станциясында жеке тұрғын үйде пешті пайдалану ережесінің сақталмауынан 34 жастағы әйел мен оның 11 жастағы қызы ысты газдан уланып, күйік шалған. ІІМ Төтенше жағдайлар комитеті азаматтарға пешке от жағу ережелерін қатаң сақтауға кеңес береді. Әрі пештің дәл жанында отын, киім және басқа да жанғыш материалдарды кептірмеуге, пешті шамадан тыс қатты қыздырмауға және қараусыз қалдырмауға, пешті және мұржаны үнемі бақылап, кем дегенде үш айда бір рет тазалап отыруға шақырады.