Жалағаш ауданында белгілі сыршыл ақын, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі Зордан Салықбайұлының 75 жылдығына арналған «Кеудемнен сары алтындай сапырдым кен...» атты облыстық жас ақындар мүшәйрасы өтті.
Мүшәйраға Қызылорда қаласынан және аудандардан 12 ақын қатысты.
Жас ақындар бірінші кезеңде арнау өлеңдерін оқыса, екінші кезеңде еркін тақырыптағы өлеңдерін, ал үшінші кезеңде ақын Зордан Салықбаевтың шығармаларын нақышына келтіріп орындады.
Шараның алғы сөзін аудан әкімінің орынбасары Жағыпар Тажмаханов алып, жас ақындарға сәттілік тіледі.
Республикалық «Тіл сақшысы» газетінің жауапты хатшысы Амандықов Жалғас, ақын, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Бертаев Серік, ақын, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, «Жалағаш жаршысы» газетінің жауапты хатшысы Қуат Адисұлы қазылық еткен мүшәйра қорытындысымен бас жүлдені шиелілік Ержігіт Бекжан, Жалағаш ауданы, І орынды Аққұм ауылының тумасы Бақберген Нұрай, ІІ орынды қызылордалық Қалиева Айбану иеленсе, ІІІ орынды қармақшылық Серіков Еркебұлан мен сырдариялық Талапбеков Ақәділ өзара бөлісті. Жарыс жеңімпаздары және қатысушылары арнайы дипломдармен, қаржылай сыйлықтармен марапатталды.
Қ.Қазантаев атындағы мәдениет Үйінің фойесіне Зордан Салықбаевтың шығармаларынан «Ақын – елдің ардағы» атты көрме көпшілік оқырманға ұсынылды.