Қызылорда мүгедектер үшін кедергісіз қалаға айналуда

Қызылорда мүгедектер үшін кедергісіз қалаға айналудаҚызылорда қаласын мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін кедергісіз қалаға айналдыруда кешенді шаралар қабылдануда. Бұл жөнінде  қалалық мәслихаттың кезектен тыс сессиясында қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаев депутаттар алдында берген есебінде айтты.
Мүмкіндігі шектеулі азаматтарды қоғамдық ортаға бейімдеу, олардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру мақсатында 7 аула клубы ашылды. Аула клубтарының үздіксіз жұмыс жасауын қамтамасыз ету үшін қалалық бюджеттен 12 млн.теңге бөлінді. Осы жылдың І жартыжылдығында 167 мүмкіндігі шектеулі азамат тұрақты жұмыспен қамтылды. 
Қызылорда қалалық ішкі саясат бөлімінің хабарлауынша, бұл азаматтардың қоғамдық көлікте де еркін жүруі үшін тиісті жұмыстар атқарылуда. Мәселен, биыл қалада құрылған «Қызылорда Автобус паркінің» материалдық-техникалық базасы нығайтылуда. Жаңадан алынған 20 үлкен сыйымдылықтағы автобустар экологиялық таза, мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін де қолжетімді. Биылғы жылы осындай қоғамдық көліктер қосымша 100 үлкен сыйымдылықтағы автобустармен толығады. Сондай-ақ, биыл қалада 534 млн. теңгеге 37 аула және балалар ойын-спорт алаңдары пайдалануға беріледі.  Салынатын аула және балалар ойын-спорт алаңдарының ерекшелігі мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін қолжетімді болмақ. 

ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 31 шілде 2014 г. 771 0