Қызылорда қаласында газ баллоны жарылуы салдарынан орын алған өртке байланысты оқиғаның себептері анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Естеріңізге сала кетелік , бұл келеңсіз жағдай 20 қараша күні 18.00 шамасында болған еді . Жергілікті «112» нөміріне Қызылордадағы «Бәйтерек» шағынауданында өрт шыққандығы жөнінде хабарлама келіп түскен. «Оқиға орнына жедел жеткен №4 өрт сөндіру бөлімінің жауынгерлік есебі жалпы ауданы 72 шаршы метр болатын тұрғын үйде газ баллонын дұрыс пайдаланбауынан газдың жылыстауы пайда болғаны анықталды. Жарылыс салдарынан үй құлаған. Өртті сөндіру барысында 27 және 50 литрлік газ баллондары сыртқа шығарылды. Сондай-ақ, үй ішінде болған 2 адамды қатты күйік шалған. Оларды көршілері жеңіл көлікпен дер кезінде ауруханаға жеткізген. Өрт сөндіру қызметінің жылдам іс-қимылының нәтижесінде көршілес орналасқан үйге өрттің таралу қаупі уақтылы тоқтатылды. Өрт 19 сағат 34 минутта оқшауланып, 19 сағат 43 минутта толығымен сөндірілді», - деді Қызылорда облысы төтенше жағдайлар департаментінің өрт сөндіру және авариялық құтқару қызметінің баспасөз маманы Әлия Ережепова.