БПҰ белсенділігі арта түседі

Қызылордада «Nur Otan» партиясы облыстық филиалы бастауыш партия ұйымдарының облыстық форумын ұйымдастырды. «Партияның басты күші – бастауыш партия ұйымдары» тақырыбындағы жиынға 300-ге жуық делегат қатысты. Басқосуда бастауыш ұйымдар жұмысын жандандыру жайы талқыланып, басым бағыттар белгіленді.
Барлық ауданнан келген ұйым төр­ағалары алдымен 4 бағытта өткен сек­циялық жұмыстарға қатысып, Елбасы сенім артқан саяси ұйымның елдің кө­шін ілгерілету бағытындағы жұ­мыс­та­рын жан-жақты саралап, пікір алмасты.
Форумға қатысқан облыс әкімінің орынбасары Наурызбай Байқадамов партияның беделін арттыруға баса көңіл бөлу керектігін атап өтіп, еліміздің саяси жүйесіндегі «Nur Otan» партиясының орны мен рөліне тоқталды.
Бастауыш партия ұйымдарының мәртебесі – «Nur Otan» партиясының басты назарында. Бұрын партияның облыстық филиалына қарасты 272 бастауыш ұйымы болса, қазір олардың 20-сы қысқартылды. 65-нің жетекшісі қайта сайланды. Қазір бастауыш ұйым төрағаларының 116-сы аумақтық филиалдардың Саяси кеңесі мүшелігіне, 44-і саяси кеңес бюросы құрамына енгізілді. Сондай-ақ, 25-і жергілікті мәслихат депутаты. Бұл туралы партияның облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ақмарал Әлназарова айтты.
– Ядролық электоратты қалыптас­тыру мақсатында еліміздің барлық өңірінде партияның кадрлық резервіне іріктеу жұмыстары жүргізілді. Алғаш пилоттық режимде қолға алынған жоба Сырдария ауданында ұйымдастырылып, партияның аудандық филиалының кадрлық резерві жасақталды. Одан бөлек, бірінші болып жастардың басын біріктіретін және олармен жан-жақты жұмыс жүргізетін қала, аудан көлемінде «Жастар» БПҰ ашылды. Бұл саяси лидерге айналуына партия тарапынан жасалып отырған мүмкіндік, – деді ол.
Саяси ұйымның қоғамдық ұйым­дармен тығыз байланыстағы жұмы­сының маңызын облыстық қоғамдық кеңес төрағасы, М.Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық жоғары кол­леджі директоры Бақытжан Сайлыбаев айтса, партия міндет­терін орындаудың, атқарушы орган­дарға ықпал етудің негізгі тетігі – мәслихаттардағы фрак­ция­лардың жұмысы жайлы облыстық мәслихаттағы «Nur Otan» партиясы депутаттық фрак­циясы жетекшісі, И.Әбдікәрімов атын­дағы Қызылорда аграрлық-техникалық жоғары колледжі директоры Ибадулла Құттықожаев кеңінен баяндады.
Партия алдында тұрған негізгі мін­дет­­тердің бірі – сыбайлас жем­қор­лық­пен күрес, партиялық бақылау меха­­низмдерін күшейту. Филиал жа­нын­дағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі облыстық қоғамдық кеңес төрағасы Мақсұт Нәлібаев пен партиялық бақылау комиссиясы төр­ағасы, «Қазпошта» АҚ Қызылорда фи­лиа­лы директоры Аида Әбибуллаева осы бағыттағы жұмыс барысына тоқталды.
Әр тақырыпқа ден қойған партия­лықтар жұмысты белсенді ету үшін өздерінің ой-пікірлерін ортаға салып, ұсыныстарын айтты. Жиын соңында «Үздік бастауыш партия ұйымы» республикалық байқауы облыстық кезеңінің жеңімпаздарын марапаттады.
Содан кейін нұротандықтар «Партия паркін бірге қалыптастырамыз» атты акция өткізіп, Қызылорда қала­сы­ның шетінен арнайы партия аллея­сын жасақтады. «Nur Otan» партиясы облыстық филиалы бастамасымен ұйымдастырылған акция Арал ауданынан басталып, челлендж арқылы өзге ау­­дандарда да жүзеге асқан. Челленджді партияның облыстық филиалының аппараты, қалалық және Тұран, Теміржол фи­лиал­­дарымен бірге Жалағаш ау­дан­­дық филиалынан қабылдап, қоры­тын­дылады.
Акция аясында 500-ден аса ағаш отырғызылды. Сонымен қатар шара барысында «Бауырсақ пати» ұйым­дастырылып, ағаш егушілер бір-біріне ыстық бауырсақ үлестірді.
Халықта «Мың жылдығын ойлаған ағаш егеді» деген даналы сөз бар. Тағылымы мол акцияны жалғастыруды қызылордалық нұротандықтар барша жерлестерімен бірге өзге өңірлердегі партияластарына жолдады.

Шынар БЕКБАН.
ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 21 қараша 2019 г. 457 0