Қызылорда қаласында газ баллоны жарылып, екі адамды күйік шалды. Бұл жайында ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінен мәлім етті, деп хабарлайды
ҚазАқпарат тілшісі.
Ведомство ақпаратына қарағанда, 20 қараша күні сағат 18-37-де өртке қарсы қызмет пультіне Қызылорда қаласының Бәйтерек шағын ауданындағы жеке тұрғын үйде газ баллоны жарылғаны туралы хабарлама түскен. Оқиға орнына жеткен өрт сөндіру бөлімшесінің мамандары газ баллонының редукторындағы ақау салдарынан жарылыс орын алып, үйдің қабырғасы құлап, өрт тұтанған.
«Өрт сөндірушілер қызыл жалын ошағынан 2 газ баллонын алып шықты. Қабылданған шаралардың арқасында сағат 20-34-те өрттің алды алынып, сағат 20-43-те сөндірілді. Өрт аумағы 120 шаршы метрді құрайды. 1993 жылы дүниеге келген үй қожайыны мен оның 1995 жылы дүниеге келген жұбайы күйік шалғандықтан ауруханаға жеткізілді», - деп атап өтеді комитеттен. Таратылған мәліметке сәйкес, қызыл жалынмен күреске Қызылорда облыстық ТЖД жеке құрамының 14 маманы мен 4 өрт сөндіру техникасы жұмылдырылған.