Балаларға қарсы жасалған зорлық-зомбылық қылмыстар үшін жаза қатал болады. Бұл туралы Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында ҚР Бас прокурорының орынбасары Марат Ахметжанов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Бүгін жалпы отырыста палата депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қылмыстық және қылмыстық-процестік заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы талқыланып жатыр. Құжаттың екінші бөлігі жыныстық қатынастағы қылмыстарға қатысты болып отыр. Зорлау мен сексуалды сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттер үшін жаза қатаяды.
«Атап айтсақ, зорлау, яғни жәбірленушіге немесе басқа адамдарға күш қолданып, оның дәрменсіз күйін пайдаланып, жыныстық қатынас жасау ауырлығы орташа қылмыстан ауыр қылмыс санатына көшеді. Бұл жерде де татуласу болмайды. Ал балаларға қарсы жасалған осындай қылмыстар үшін жаза тіптен қатал болмақ. Бұл аса ауыр қылыстар санатына жатады. 14 жасқа толмаған балаларға қарсы жыныстық сипаттағы қылмыстар үшін тек қана 20 жыл бас бостандығынан айыру немесе өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы ұсынылып отыр», - деді М. Ахметжанов.
Сонымен қатар, педофилия бойынша айғақтарды бұрмалағаны үшін, тек қана бұрмалап және жасырып қоймай, біліп тұрып, хабарламағаны үшін де жауапкершілік көзделген.
«Бұл әрекеттер ауыр қылмыстар санатына кіретін болады. Мысалы, интернатта тәрбиеленіп жатқан балаларға қарсы қылмыстарды тәрбиеші жасырған болса, тиісті жауапкершілік ескерілген», - деді Бас прокурордың орынбасары.