« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
«Музейлер шеруі» жобасы аясында облыстық тарихи-өлкетану музейінде «Музей түні» мәдени шарасы ұйымдастырылды. Күн ұяға қонар шақта басталып, түн ортасына дейін жалғасқан мұндай тағылымды шараға қала жастары көптеп жиналған. Сонымен бірге, мәдениет қызметкерлері, қылқалам шеберлері, студенттер, көне жәдігерге жанашыр жандар мен жергілікті тұрғындар да келген.
Жобаның мақсаты – барлық санаттағы халықтың уақытын тиімді өткізумен қатар, музейдің ғылыми орталық қана емес, мәдени-көпшілік орын екені туралы ұғымды күшейту. Мұндай мәдени-рухани демалыс келушілерге қолайлы. Көне туындыларды насихаттау және тарихи жәдігерлердің алуан сырын жас буынға сіңіру арқылы патриотизмді күшейтуде маңызы зор.
– «Музей түні» – әлеуметтік маңызы бар акция. Ол бізді өткенді саралап, бағалап қана қоюға шақырмайды, сонымен бірге ел бірлігін бекемдеп, құндылығын қастерлеуге үндейді. Облыстық «Жас Отан» Жастар қанаты мен музей қызметкерлері бірлесе ұйымдастырған ашық аспан астындағы көрме негізінен тікелей жастарға бағытталған. Олар көне жәдігерлерді тамашалап қана қоймай, өз қалауларынша ән салып, би билей алады. Мұнда келгендер бір жағынан ұлттық құндылықтарын танып білсе, екіншіден, көңіл көтереді. Жастар кешкі серуенге шыққанда олардың бос уақытын осындай маңызды, ой түйетін шараларға көптеп тартуды жетілдіріп келеміз, – дейді музей қызметкері Ұлпан Қайрулла.
Шара барысында Қазақстан Республикасының Ұлттық валюта күніне орай «Төл теңгеміз – Тәуелсіздік тірегі» тақырыбымен ҚР Ұлттық банкінің монеталар көрмесі, «Көненің көзі» атты музей қорында сақталған ағаштан жасалған бұйымдар және «Руханият ескерткіштері» деген атаумен музей қорындағы сирек кездесетін кітаптар мен қолжазбалар келушілерге көрсетілді. Сондай-ақ, келушілер жергілікті қолөнер шеберлерінің туындыларын тамашалап, арнайы шеберлік сағаттарына қатысты. Музейде «Абай сөзінің сәулесі» тақырыбында поэзия кеші ұйымдастырылып, оқушылар ұлы ақынның өлеңдері мен қарасөздерін жатқа айтты. «Елімнің еркіндігі – Тәуелсіздік» тақырыбында музейлік сабақ ұйымдастырылып, «Жас экскурсоводтар мектебі» мүшелері әр зал бойынша тақырыптық экскурсия жүргізді.
«Музей түнінде» жастар караокемен қосыла ән шырқап, қала жастары ұйымдастырған концерттік бағдарлама да көпшілікке ұсынылды. Келген қонақтар ұйымдастырушыларға алғыс айтып, алдағы уақытта осындай тағылымды кештердің жиірек өтуіне ұсыныс-тілектерін білдірді.
Ержан ҚОЖАСОВ.
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |