Қызылорда қаласында жер үйден өрт шығып, отбасының тұрмыстық заттары мен киім-кешектері толығымен жанып кетті, деп хабарлайды
ҚазАқпарат тілшісі.Өрт 11 қараша күні сағат 17.30 шамасында Қорқыт ата көшесі бойындағы тұрғын үйде тұтанған. Құтқарушылар жедел әрекет еткеніне қарамастан, үйдің шатыры мен ішіндегі заттар түгел отқа оранған.
«Салдарынан көлемі 10х15 метр болатын тұрғын үйге елеулі зиян келді, адам шығыны жоқ. Оқиға орнына тиісті сала мамандарымен бірге қала әкімдігінің өкілдері де барып, мәселенің мән-жайымен танысты. Өрттің шығу себебі анықталуда. Отбасы мүшелері түгел туысқандарының үйіне көшірілді. Оқушы балалар мектепке қажетті киімдермен, құрал-жабдықтармен және оқулықтармен толық қамтамасыз етілді. Сондай-ақ қаржылай көмек көрсетілді. Қазіргі таңда қала әкімдігі тарпынан жанұяға басқа да көмек көрсету мүмкіндіктері қарастырылуда. Мәселе қала әкімінің тікелей бақылауында», - деп мәлім етті Қызылорда қаласының әкімдігінен.
Қызылорда облыстық Төтенше жағдайлар департаменті Өрт сөндіру және апаттық-құтқару жұмыстары қызметінің баспасөз хатшысы Әлия Ережепованың хабарлауынша, оқиға орнына 3 техника мен жеке құрам қатарынан құтқарушылар, өрт сөндірушілер және «Апаттар медицинасы» орталығынан барлығы 20 адам жұмылдырылды.
«Бізге алдын ала белгілісі, үйде ұялы телефон электр қуаттағышқа қосулы болған. Сол сәтте үйде ешкім болмаған екен. Оқиға салдарынан зардап шеккендер жоқ. Өрттің нақты шығу себептері анықталуда», - деп мәлім етті Әлия Ережепова.