Текті сөздің төресі – терме

Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитетінің қолдауымен, «Айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің халықаралық одағының ұйымдастыруымен «Текті сөздің төресі – терме» атты республикалық байқауы Сыр елінде өтті. Жыр додасында еліміздің әр өңірінен іріктелген 13 жыршы-термеші бақ сынады.

Байқауды  Қазақстанның еңбек сіңір­ген қайраткері, одақ төрағасы, ақын Жүрсін Ерман және облыстық ішкі сая­сат басқармасының басшысы Т.Маханов ашып, рухани тағылым-тәлімі мол шараның жас ұр­паққа өмірлік өнегесі мен ғибраты мол екенін атап өтті. 

Жыр байқауы Сүгір жырау Беген­діқұлының 125 жыл­дығына және Жас­тар жылына арналды. Өнер бәсекесін әйгілі Нартай мектебінің шәкірті Мұ­хамедәлі Бекпейісов бастады. Ар­қаның арқа қоздыратын асқақ үнді мақамы, батыстың желе жортқан төкпе жырлары, Сырдың тереңнен тыныс алатын сыр­­шыл да сазды мақамдары өзіндік ерек­­шеліктерімен тыңдарман қауымды тәнті етті.

Қазақстанның халық артисі, дәстүрлі әнші Қажыбек Бекбосынов, мем­лекеттік «Дарын» сыйлығының иегері, ақын Бекарыс Шойбеков бастаған қазылар алқасы қазыналы жиынның төрелігін айтып, бағасын берді. Айта кетейік, байқау бары­сында тақырыптың өзектілігі, мазмұн тереңдігі, орындау шеберлігі және тіл тазалығының сақталуына баса мән берілді.

Байқау қорытындысы бойынша бас жүлдені Алматы облысынан Ербол Қуанбек, І орынды Шымкент облысынан Айдана Шынболат, ІІ орынды қызылордалық Мұхамедәлі Бекпейісов пен көкшетаулық Таңнұр Әлболсын иеленсе, ІІІ орынды алматылық Гүлбағым Қайыржанова мен Павлодар облысынан Салтанат Қисатова бөлісті.

Жыр додасының жүйрік­те­ріне Мәдениет министр­лігінің дипломдары мен қар­жылай сыйлықтар табыс етілді.

Ғазиза Әбілда.

ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 12 қараша 2019 г. 432 0