21 жыл бойы құжатсыз жүрген

Солтүстік Қазақстан облысында көші-қон полицейлері ұзақ жылдар бойы құжатсыз өмір сүрген әйелге көмектесті, - деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, 1998 жылы Ресейдің Қорған облысының тумасы Алматы қаласында жол апатына ұшыраған. Содан кейін ол өткен өмірін ұмытып, есін жоғалтқан. Ол көп жылдардан бері Алматыда тұрып келді. Ал туыстары оны іздестіріп, тапқанымен, отанына әкете алмады. Өйткені оның құжаттары жоқ еді. Әйелдің 1974 жылы алынған төлқұжаты жоғалып кеткен. «Биыл СҚО-да тұратын туыстары 50 жастағы әйелді өз қолына алып, көші-қон полициясына жүгінді. Басқарма қызметкерлері әйелді азаматтығы жоқ тұлға деп тану үшін құжат жинауға көмектесті. Сөйтіп ресейлік әйел азаматтығы жоқ тұлға ретінде куәлік алды. Енді ол өз отанына бара алады» деп мәлім етті полициядан.
Көші-қон полициясының мәліметінше, жыл басынан бері әртүрлі өмірлік қиындықтарға тап болған 100-ден астам адамнан құжат рәсімдеу жөнінде өтініш түскен. Таяуда ғана полицейлер 30 жыл бойы ешбір құжатсыз өмір сүрген әйелге көмектескен еді.


ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 11 қараша 2019 г. 637 0