Арал ауданы әкімдігінің мәжіліс залында аудандағы билер кеңесінің қызметін дамыту және насихаттау жөнінде келелі кеңес өткізілді.
Аудан әкімі Мұхтар Оразбаевтың төрағалығымен өткен жиынға облыс орталығынан ашылған Билер кеңесінің төрағасы Зейнолла Нұрсейітов пен Билер кеңесінің мүшелері Қыдырбек Рашов және Болат Пұсырманов арнайы қатысты.
Жиынды ашып берген аудан басшысы ең алдымен қазақ қоғамындағы билердің рөліне тоқтала келе «би» - халықтың әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін жақсы білумен бірге, сөз таласында шешен, даулы істі қарауда тапқырлығымен дараланған, ел ішінде беделді тұлға екендігін атап өтті. Осы орайда, билер кеңесін жаңғырту елдің рухани жаңғыруының бастамасы әрі азаматтар арасында пайда болған даулардың сотқа дейін әділ шешілуіне ықпал ететін фактор екендігін атап айтты. Осы игілікті бастаманы жүзеге асыру мақсатында ауданда билер кеңесі құрылып, өз жұмысын бастап кеткендігін жеткізді.
Одан әрі билер кеңесінің қызметін дамыту, насихаттау мәселелері жөнінде облыстық билер кеңесінің төрағасы З.Нұрсейітов, Арал аудандық сотының төрағасы К.Садуақасовалар сөз алып, сан ғасырлар бойына қазақ халқының қоғамдық өмірінде әділдікті сақтау мен құқықтық қатынастарды дамытуда, құқықтық-саяси сана мен мәдениеттің дамуына от ауызды, орақ тілді билердің белсенді ықпал еткенін айтып, Билер кеңесі қызметін жандандырып, халық арасында кеңінен насихаттау қажеттігін атап өтті.
Мұнан әрі, аудандық Билер кеңесінің төрағасы Б.Бердалиев өз сөзінде ағымдағы жылдың мамыр айында аудан әкімінің қолдауымен, аудандық соттың бастамасымен аудандық билер кеңесінің құрылғандығын айтып, аталған кеңестің мүшелерін таныстырып өтті. Белгілі болғандай, аудандық билер кеңесі құрылғалы бері ауданда 6 азаматтық даулы іс шешімін тапқан. Осы ретте, дала билігінің дара тұлғалары Төле би, Қазыбек би, Әйтеке билеріміз бастаған сара жолымен әлде де еліміздегі татулық пен қоғамдық келісімді сақтау, ғасырлар қойнауынан жеткен ұлттық санамыз бен мәдениетімізді жаңғырту бағытында билер кеңесінің жұмысын жандандыру жолында жұмыстар жалғаса беретіндігін атап өтті.
Айта кету керек, Билер кеңесі көмегімен татуластыру шараларын жүргізудің мол мүмкіндіктері кеңінен талданған жиынға аудандық дербес бөлім басшылары, "Нұр Отан" партиясының аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары, құқық қорғау, мемлекеттік орган басшылары, билер және қоғамдық кеңестің мүшелері, білім беру ұйымдарының басшылары, балабақша меңгерушілері, медиаторлар мен БАҚ өкілдері де қатысты.